Президент «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысты

18.10.2023

«Қазақстан әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді көпір әрі ыңғайлы айлақ болуға дайын». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылуында осылай мәлімдеді. Әрі кемелер мен контейнерлерді бірлесіп өндіруге мүдделіміз деді. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның ірі экономикалық жобаларымен ұштасатынын да атап өтті. 

Данияр Қайыртай, тілші:

Осыдан он жыл бұрын Астанада жарияланған «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасының мақсаты – халықаралық сауда-инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру. Қазір бұл мегажобаға 150-ден астам ел мен халықаралық ұйым мүше. Олар, міне, үшінші мәрте үлкен форумда бас қосып отыр.
Форумға 130-дан аса ел мен халықаралық ұйым өкілдері және 20 шақты мемлекеттің басшылары келген. Бірақ, мәртебелі меймандардың бәріне емес, тек бірең-сараңына ғана сөз берілді. Қазақстан Президенті үшінші болып сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға.
Себебі жоба – елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға әрі достық қатынастарды нығайтуға да сеп. Ушыққан геосаяси жағдайда да «Бір белдеу, бір жол» – халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанын көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр.
Қазақстан бұл жобадан тыс қалып жатпағаны белгілі. Соңғы 15 жылдың өзінде көлік-транзит саласын дамытуға 35 млрд доллар бөлінген. Қазір Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Ал бұл біздің елдің халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналу мақсатын үстемелейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол желісін саламыз. Қытаймен шекарада үшінші пойыз өткізу пункті ашылады. Әрі «Бақты» және «Қалжат» атты жаңа құрғақ порттардың құрылысы жүреді. Қазақстанның осындай экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасады.
Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдарының айрықша рөліне де тоқталды. Бұл дәліз Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады деді.

Тұрсынхан Зәкен, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры:

Бұл Қытайдың өз тауарларын шетелге шығаратын бірден-бір дәліз, ең тиімді дәліз. Егер Оңтүстік-шығыс Азиядағы Монако бұғазы алда-жалда бір қауіп-қатерге ұшырап қалса, Қытай үшін жабылып қалса, Қытайдың батыспен қарым-қатынас жасайтын бірден-бір дәлізі – осы Қазақстан, ОА арқылы болады.
Мемлекет басшысы стратегиялық порттар мен пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынды. Кеме мен контейнерлерді бірлесіп өндіруге мүдделі екенімізді де жеткізді. Әрі «Қазақстан жүк және жолаушылар ұшақтары үшін сенімді әуе көпірі, ыңғайлы айлақ болуға дайын» деді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

«Әуе Жібек жолы» дәлізі деген жаңа бір үлкен бағдарлама басталып жатыр. Ондағы басты мақсат – мысалы, былтырдың өзінде Қазақстанның әуесі арқылы 450 мың ұшақ ұшқан. Ол 2021 жылмен салыстырғанда екі есе, 90 пайызға көп.
Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде «Бір белдеу, бір жол» жобасын дамытуға қатысты сегіз бастама көтерді. Әрі халықаралық ынтымақтастыққа қатысты пікір білдірді.

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:

Идеологиялық конфронтация, геосаяси бәсеке және блоктарға бөлінушілік біздің таңдауымыз емес. Біз біржақты санкцияларға, экономикалық қысым мен алалауға әрі тасымал желісін үзуге қарсымыз.
Биылғы форумның «Белдеу мен жол: Ортақ даму мен гүлдену үшін бірігу» тақырыбын арқау еткені де Қытай төрағасының осы ойымен астасады. Форум аясында өткен панельдік сессия мен бірнеше сектор отырысында да аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу