Семейде халықтық театрлар арасында фестиваль өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде халықтық театрлар арасында фестиваль өтті

18.10.2023

Семейде халықтық театрлар арасында фестиваль өтті. Мәдени шараға еліміздің әр өңірінен театр ұжымдары қатысты. Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған шара қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

Фестивальге еліміздің 8 облысынан келген театрлар қатысып, сахналық туындыларын ұсынды. Қойылымдарға әр аймақтан келген театр сыншылары бағасын берді. Бұл шара еліміздің оқу-білім, мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналып отыр.

Әубәкір Рахимов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:

Халық театрларының фестивалінің Семей топырағында, Абай театрында ұйымдастырылып жатқаны және Ес аймақ деп аталуы, символикалық мәні өте зор фестиваль. Және де біз халық театрларын қолдауымыз керек, өйткені біздің ұрпақтардың болашаққа деген рухани байлығын дамыту- осы театрлардан бастау алады.

Өнер додасында бас жүлдені Алматы облысынан келген «Ақши» халықтық театры жеңіп алды. Ұжым көрермендерге «Абай трагедиясын» сахналады.

Қарлығаш Ұланқызы, «Ақши» халықтық театрының жетекшісі:

Әрине қуаныш. Бұл халықтық театрлар байқауы шығармашылық ұжым үшін үлкен жетістік қой. Және республикалық деңгейде облысымыздың атынан келіп тұрғаннан кейін үлкен абырой.

Халық театрлары арасындағы мұндай байқау алғаш рет ұйымдастырып отыр. Екі күнге созылған фестиваль аясында «Ең үздік қойылым», «Үздік режиссерлік жұмыс»,«Үздік әйел және ер адам бейнесі» аталымдары бойынша жүлде табысталды. Сондай-ақ, Темірбек Жүргенов және Әмина Өмірзақова атындағы арнайы сыйлықтың да иегерлері анықталды.

Рүстем Қайратұлы


Хабарламаларға жазылу