Ұлттық қордан балаларға ақша аудару заңнамалық тұрғыда бекіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қордан балаларға ақша аудару заңнамалық тұрғыда бекіді

18.10.2023

Ұлттық қордан балаларға ақша аудару заңнамалық тұрғыдан бекіді. Парламент тиісті құжатты қабылдады. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Заңның жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен Сенат келіскенін хабарлады. Бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңды Сенат кері қайтарған болатын. Төменгі палата енгізілген өзгерістерді мақұлдап, заңды қабылдады. Енді құжат Президент қарауына жіберілді. Осылайша, келер жылдың 1-қаңтарынан бастап ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтау шотына аударылады. Қаржы барлық балаға тең бөлінеді. Қазір ел бойынша 18 жасқа дейінгі балалар саны – 6 млн 700 мың. Айта кетейік, қаражатты екі мақсатта ғана пайдалануға болады. Ол – тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім алу. Әрі ақшаны мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады. Жиналған соманы тек 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға рұқсат. Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады. Ал осы Ұлттық қордың табысынан балаларға аударылатын нысаналы жинақтар салықтан босатылуы мүмкін. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін қайтыс болса, онда аударылған жинақты ата-анасында қалдыру қарастырылып жатыр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Бастапқыда әзірлеген тұжырымдамада қаражатты Ұлттық қорға қайтару туралы норма болған-тын. Бірақ, кейіннен біз ақша ата-анасында қалады немесе өзге балаларының арасында бөлінеді деп шештік.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу