Францияның Канн қаласында өтіп жатқан Mipcom халықаралық көрмесінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бірқатар халықаралық келісімге қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, арнаның телехикаялары дистрибуторлық құқықпен әлемдік деңгейде саудаға шығарылады. Жалпы, ауқымды шараға 110 елден телевизия және радио контент өндірушілері келген. Канн қаласынан тілшіміз Аида Барлыбек жеткізеді.
Канн қаласында өтіп жатқан Mipcom көрмесінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бірқатар халықаралық келісімге қол жеткізді. Корпорация өкілдері Disney мен ВВС сияқты алпауыттармен кездесті. Одан бөлек, Ұлыбритания, Австралия, Германия, Финляндия, Болгария, Түркия және Араб елдерінің өкілдері, әсіресе, арнаның телехикая және көркем фильмдеріне және «Balapan» телеарнасының мультхикаяларына қызығушылық танытып отыр. Ұлттық өніммен таныстыру үшін көрме ішінде арнайы стенді қойылды. Корпорация қол жеткізген маңызды келіссөздің бірі – әлемдік компанияға телеарна сериалдарын дистрибуторлық құқықпен сату туралы ортақ келісім жасалды.
Илхам Ибрагим, «Қазақстан» РТРК»АҚ Басқарма Төрайымының орынбасары:
Негізі біз үшін өзіміздің өнімдерімізді шетелдік нарыққа шығару басты мақсаттарымыздың бірі болып саналады. Міне, бүгін екінші күн Францияның Канн қаласындағы Mipcom шарасына қатысып, өз стендымызды қойып, өнімдерімізді ұсынып жатырмыз. Алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Мысалы, ірі дистрибуторлық компания әлемге танымал, олар, әсіресе, көбіне түрік телехикаяларын сатады, біздің өнімдерге дистрибуторлық құқық алып, әлем бойынша сатуға келісімге келдік.
«Qazaqstan» арнасы өзінің тарихи, мелодрама, детектив, комедия бағытындағы телехикаялар мен анимациялық деректі фильмдерін Францияға алып келген. Сонымен қатар, «Дара», «Жүзден жүйрік» зияткерлік бағдарламаларының және ұлттық бағыттағы «Мергендер мекенінің» халықаралық нарыққа франшизаларын ұсынды. Қазақстандық стендке бір күнде 30 шақты елдің өкілдері келіп, біздің өнімдермен жан-жақты танысып жатыр.
Махмұт Ипсирлі, «Mistco» компаниясының басшысы (Түркия):
«Qazaqstan» арнасымен келіссөз жүргізуді бұрыннан жоспарлап жүр едік, бүгін мүмкіндік туды. Телеарна басшылығымен кездесіп, бүгін соны пысықтадық. Біздің мәдениетіміз жақын, сондықтан ұзақ мерзімді келісімге де қол жеткізсек деген ниет бар. Бүгін өнім алмасу жайлы уағдаластық.
Ал арнаның кішкентай көрермендері үшін «Disney» компаниясының өнімдерін көрсетуде айырықша құқықты иелену үшін келіссөздер өткізілді. Яғни, таңдалған «Disney» өнімі қазақ тілінде тек «Qazaqstan» арнасында көрерменге ұсынылады.
Аида Барлыбек