«Procter&Gamble» компаниясы мен еріктілерден құралған топ көшеттер отырғызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Procter&Gamble» компаниясы мен еріктілерден құралған топ көшеттер отырғызды

17.10.2023

«Naturella» бренді Қазақстандағы Дүниежүзілік табиғат қорымен бірігіп тоғайлы ормандарды қалыпқа келтіру жобасын іске қосты. Өткен демылыс күндері Іле өзені дельтасында «Procter&Gamble» компаниясы мен еріктілерден құралған топ көшеттер отырғызды. Табиғат жанашырлары бұнымен тоқтап қалмақ емес, олардың жоспары жайлы толығырақ тілші тарқатып айтады.

Бұл Алматыдан 340 шақырым жерде орналасқан «Іле-Балқаш» резерваты. Орын бекер таңдалмаған. Аталған аумақта жыл сайын өсімдіктер мен ағаштар сиреп барады. Оған құрғақшылық, климаттың өзгеруі мен жиі орын алатын өрттер себеп болып отыр.

Руслан Гамзаев, «Procter&Gamble» компаниясының Орталық Азиядағы басшысы:

Біз бүгін волонтерлермен «Naturella» брендінің табиғатты қорғау бағдарламасы аясында жиналып отырмыз. Мақсатымыз – өртенген тоғайлы ормандарды қалыпқа келтіру.

«Naturella» бренді, Қазақстандағы Дүниежүзілік табиғат қорының мамандары, Procter&Gamble компаниясы мен «Тұран» университетінің студенттері аумағы 2 гектардан асатын алқапқа жиде, тораңғұл көшеттерін отырғызды. Ағаштың бұл түрлері тамырларына ылғал жинап, жерді құрғап кетуден сақтайды. Оған қоса жеміс беріп, жан-жануарларға пана болады екен.

Айбек Байболов, Қазақстандағы Дүниежүзілік табиғат қорының жетекші маманы:

Майда жәндіктерге керек ара сияқты. Тозаңдандыруға. Сосын бал өндіретін адамдарға тиімді. Тұқым пайда болғанда жабайы шошқа, қырғауыл, бұғыларға жем болады.

Ағаш отырғызуға 60-тан астам адам қатысты. Оның басым бөлігі студенттерден құралған еріктілер. Жастардың мақсаты – табиғатты қорғауға сәл де болса өз үлестерін қосу.

Әйгерім Төлешова, волонтер:

Мен осы шара жайлы естігенде қатты қуандым. Бірден еріктілер қатарына жазылдым. Тамшы жиналып, көл болар демекші, әркім қолынан келгенше табиғатқа пайдасын тигізуі керек. Ауа райы салқын, дегенмен бұл бізге кедергі емес.

Бұл жоба осымен тоқтап қалмайды. «Naturella» бренді Қазақстандағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мамандары және «Procter & Gamble» компаниясы бірігіп, келер жылы көктемде көшет отырғызу жұмыстарын жалғастырмақ. Мақсат – 4 гектарға жуық аумақты көгалдандыру.



Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу