Атырауда 1,5 млрд теңгеге салынған дренаж жүйесі түкке тұрғысыз болып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 1,5 млрд теңгеге салынған дренаж жүйесі түкке тұрғысыз болып қалды

17.10.2023

Атырауда 1,5 млрд теңгеге салынған дренаж жүйесі түкке тұрғысыз болып қалды. Жауын-шашын кезінде шаһарды қауіптен сақтап, жер асты суының деңгейін төмендетеді делінген жоба экологиялық ахуалды ушықтырып барады. Әрі айналасында жағалай қонған жұртқа жайсыздық тудырып тұр. Табиғат жанашырлары лас су жиналған каналды құртпасақ, Жайық-Каспий бассейні бүлінеді деп дабыл қағып жатыр.

Жандос Темірғали, тілші:

«Ерік» каналы аталып кеткен дренаж жүйесінің Жайыққа құяр тұсында тұрмыз. Бұл Еркінқала ауылының маңы. Жалпы, арна қаланы көктей өтеді. Ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Көріп тұрғандарыңыздай, аңқасы кеуіп тұр. Қоқысқа лық толы. Бірақ, жауын-шашын күндері жер асты суы көтеріліп, мына Жайық өзеніне лас су құйылады.

Осыдан 20 жыл бұрын салынған дренаждың бастауы құрғақ болғанымен, қалған бөлігі лас суға лық толы. Арнаға жер асты суымен араласып, жеке секторда орналасқан кәріз құдығынан нәжіс те құйылып жатыр. Игілігінен шикілігі басым жобаның кесірінен Жайық ластанып барады. Оны тұрғындарда бейнежазбаға түсіріп, айтудан жалыққан емес.

Жағасындағы жұрт ашынып отыр. Өйткені оларды көп жылдан бері жағымсыз иіс пен маса әбден титықтатқан. Экология департаменті биылдың өзінде 2 рет «Ерік» каналынан сынама алған. Химиялық талдау су құрамындағы хлоридтің мөлшері қалыпты, нормадан 2 есе артық екенін көрсеткен.

Едіге Сабыров, гидрогеолог:

Химиялық құрамында әртүрлі ластанған сулар бар. Соның бәрі қазір Жайыққа құйылып жатыр. Каналды тереңдетсек, оған да құйылады. Және лас суды апарып Каспийге құяды. Яғни, біз Солтүстік Каспийді ластаймыз деген сөз.

Жергілікті билік, каналды қайта жаңғыртуды көздеп отыр. Қазір жобасы әзірленіп жатыр. Тек сметалық құжаттың өзіне 112 млн теңге бөлінген.

Абылай Ғұмаров, қалалық құрылыс бөлімі өндірістік-техникалық секторының меңгерушісі:

Ол каналда дренаж жүйесі болады. Кәріз, су жүйесі және жазғы суару жүйесі. Бос алаңдарында саябақ және жүгіру, қыдыру алаңдары болады.

«Ерік» каналына қатысты жоба сараптамадан өтсе, онда құрылысы келер жылы басталады. Әзірге қанша қаржы жұмсалатыны белгісіз. Бір анығы, жоба құны бастапқы бағадан 2-3 есеге көп болады.


Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу