Мектепке ұлттық құндылықты дәріптейтін пән енгізу ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектепке ұлттық құндылықты дәріптейтін пән енгізу ұсынылды

17.10.2023

Мектепке ұлттық құндылықты дәріптейтін пән енгізу керек. Мұндай ұсынысты еліміздің мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев айтты. Оның пікірінше, бала салт-дәстүрді санасына жастайынан сіңіріп өсуі керек. Сол кезде ғана өзгенің қаңсығына еліктейтін жастар қатары азаяды деп есептейді.

Қанат Айтбаев - ҚР мәдениет қайраткері:

Ұлттық құндылықтар жөнінде жеке пән енгізілу керек деп есептеймін. Өзіміздің дәстүрлі киіміміз, өзіміздің дәстүрлі музыкалық аспаптарымыз, 7 атаға дейін қыз алыспау дәстүрі, қыз баланың қазақ отбасындағы құрметі соның барлығы мектепте салт-дәстүр сабағы арқылы ұрпақтың санасына сіңірілуі керек.

Ұлттық құндылық мәселесі Сенат қабырғасында талқыланды. Жиынға қатысушылар өз ұсыныстарын айтты. Диалог алаңында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жастардың арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызы зор екенін жеткізді. Тарихи сананы қалыптастыру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттарды жариялады. Бүгінге дейін жеті том жинақ әзірленді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, дамытуға және дәріптеуге үлкен мән беріп келеді. Біздің ұлттық құндылықтарымыз ең алдымен тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтіні анық. Сондықтан біз бірегейлігімізді сақтауда осыған басымдық беруіміз керек.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу