Жетісу облысында кен байыту комбинаты салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында кен байыту комбинаты салынады

16.10.2023

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында еліміздегі ең ірі кен байыту комбинаты салынады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек деп тапсырған болатын. Сондай-ақ геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет деген еді. Тапсырмаға сәйкес қолға алынған жоба аясында жылына 50 млн тонна мыс рудасы өндірілмек. Кәсіпорын ең алдымен Сарыөзек ауылында қойманы іске қосты. Бұл жерде негізінен зауытқа қажет қондырғылар жинастырылатын болады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Қазір жұмысшылар қоймаға руда үгітетін үлкен диірменнің қондырғыларын түсіріп жатыр. Мына бір ғана бөлшектің салмағының өзі 130 тонна. Ал кен байыту комбинаты осы жерден 60 шақырым жерде орналасатын болады.

Инвестициялық жоба құны 980 млрд теңгеге жуық. Көксай кен байыту комбинатын 2026 жылы іске қосу жоспарланған. Зауыт салынғаннан кейін 1500-ге жуық адам жұмысқа алынады. Қазір де қоймаға жергілікті тұрғындар тартылып жатыр.

Мәлік Ысқақов, қойма меңгерушісі:

Машиналар келеді. Европадан келеді, Азиядан келеді жүктер. Сол жүктерді түсіріп жатырмыз. Сол түсірілген жүктерді өзінің қоятын жері болады. Ыстық склад дейді, ангарлар, суық склад, далада сақталатын заттар бар. Солардың барлығын сол жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Жұмысшылардың біліктілігін арттыру мақсатында кәсіпорын бірқатар жоғарғы оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатпақ. Жалпы бұл жоба Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға тың серпін беретін болады.

Кенжетай Маңғұлов, серіктестік директоры:

Қойма құрылысын сәуір айында бастап, үш айда аяқтадық. Алдағы уақытта Бостан ауылының маңында кен байыту комбинаты мен мыс концентратын өндіретін зауыт саламыз. Зауыт құрылысына 2 мың адам жұмылдырылады.

Мыс рудасынан бөлек Кербұлақ ауданында алтын кеніштерін игеру жұмыстары да қолға алынбақ. Қазір жергілікті билік инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу