Израиль Газаға әскер кіргізуге әзірленіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль Газаға әскер кіргізуге әзірленіп жатыр

16.10.2023

Израильдің солтүстігі ливандық «Хезболланың» шабуылына ұшырады. Сондықтан Тель-Авив бұл аймақта 28 елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялап жатыр. Ал Израиль мен Хамас бейбіт халықты Газадан шығару үшін атысты тоқтатады деген мәлімет расталмады. Бір анығы - қазір Израиль Газаның айналасына мыңдаған жауынгері мен танктерін шоғырландырып жатыр. Болжамдарға қарағанда, бұл – құрлықтық операцияға әзірлік болуы мүмкін. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Израиль Газаға жаяу әскер кіргізуге әзірленіп жатыр

Өткен түні Израиль әуе күштері Газа секторын бомбалауды жалғастырды. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұл – соңғы тоғыз күндегі ең ауыр соққылар.

Талай үй қирап, құрбандар саны үздіксіз көбейіп келеді. Газа үкіметінің мәліметінше, Израиль авиациясының шабуылынан 2750 адам қаза тауып, 10 мыңға жуығы жараланған. Тағы мың шақты тұрғын жоғалып кетті. Олар құлаған ғимараттардың астында қалып қоюы мүмкін. Және де толық қоршалған Газада азық-түлік, отын, ауыз су таусылуға жақын. Сондықтан бұл секторда гуманитарлық дағдарыс тереңдеп барады.

Қазір Газадан шығатын бір ғана жол бар. Ол – Мысырмен арадағы Рафах өткізу пункті.

Хадил Әбу Дахуд, Газа тұрғыны:
Қауіпсіз жер қалмады. Рафахқа қашып жатқан халыққа да снаряд жаудырылды. Біз бұлай болады деп ойламап едік. Газада қауіпсіз жүре алмайсың.
Осы жолғы соғыс қазанның 7-де Хамас жасақтары Израильдің оңтүстігіндегі елді мекендерге кенеттен басып кіргеннен кейін басталды. Хамастықтар бұл шабуылды Израиль оккупациясы мен блокадасына қарсылық ретінде жасағандарын мәлімдеп отыр. Израиль болса, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Газаны оқшаулағанын айтады.

Осы соғыс басталғалы еврей мемлекетінде 1300-дей адам қаза тапқан.

Бірер сағат бұрын Газадан бейбіт халықтың көшуіне жол ашу үшін атыс уақытша тоқтайды деген мәлімет тарады. Бірақ бұл ақпаратты Израиль де, Хамас та растаған жоқ. Тағы бір айта кететін жайт – Израиль бірнеше күннен бері Газаның айналасына танктері мен мыңдаған жауынгерін шоғырландырып жатыр. Бұл - Израильдің Хамасты биліктен құлату үшін Газаға әскер кіргізуге әзірлігі болуы мүмкін.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
Мен майданда жүрген тамаша жауынгерлерімізді көрдім. Олардың артында бүкіл халық тұр. Тапсырманың ауқымын түсінеді, кез келген уақытта әрекет етуге дайын. Хамас бізді жоямыз дейді. Біз оның өзін құртамыз.
Қазір әлемнің барлық континенттерінде Палестинаны қолдаған және Израильдің Газаны бомбалау операцияларына наразылық білдірген шерулер өтіп жатыр. Соңғы күндері мұндай акцияларға Түркияда, Пәкістанда, Еуропа елдері мен Австралияда, екі Америка құрылығында, Таяу Шығыста және тағы басқа елдерде мыңдаған адам қатысты.


Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу