73 жастағы қазақ жиһанкезі жаяу Түркияға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

73 жастағы қазақ жиһанкезі жаяу Түркияға барды

16.10.2023

73 жастағы қазақ жиһанкезі Сәрсенбай Қотырашев жаяу Түркияға барды. Ақсақалды Ыстамбұлдың кіре берісінде Қазақ мәдениет және сауда орталығының қызметкерлері қарсы алды. Былтыр Қазақстанның барлық облыстарын жаяу аралап шыққан саяхатшы биыл Түркияға табан тіреді.

Атыраудан Ыстамбұлға дейінгі 3000 шақырымдық жолды Сәрсенбай ақсақал тура екі ай 10 күнде жүріп өткен. Күніне шамамен 40 километрді артқа тастап отырған жиһанкез түрік жеріне Ресей мен Грузия арқылы келген. Өзге елдің азаматтары жаяу жүрген қарияны көргенде оған құрмет көрсетіп, көмектесіп отырыпты. Бұл сапардағы бір мақсатым Қазақ елін әлемге таныту дейді саяхатшы.

Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:

Басты мақсатым – бүкіл дүниежүзін бейбітшілікке шақыру. Екіншіден, саяхат жасқа қарамайды, ешқашан кеш емес. Барлығымыз Түркі ұрпағынан тарағанбыз арғы атамыз сақ ғұн. Түркі ұрпағынан тараған ел көп. Ата бабамыздың, қандастарымыздың еліне келгеніме қуаныштымын.

Қазақ саяхатшысы Ыстамбұлда ең алдымен ұлы ақын Абай Құнанбаев ескерткішіне келді. Осы жерде жиналған қазақ жастары мен жергілікті тұрғындар ақсақалдан сапар туралы сұрап, естелік суретке түсті. Түркияда тұратын қазақтар атамекеннен келген ерекше қонақты құшақ жая қарсы алды.

Фазыл Топлы, Ыстамбұлда тұратын қазақ:

Бұған біз қатты қуандық. Қазақстан халқын танытып келе жатыр екен соған көп қуанып отырмыз. Ыстамбулға келіпті. Түркияға біз келгелі 70 жыл болды. Бұл жерде 30 мың қазақ бармыз. Солардың атынан айтып жатырмыз біз қатты қуанып жатырмыз.

Алыстан келген Сәрсенбай Қотырашевті Ыстамбулдағы Бас консул арнайы қабылдады. Түркия жерінде жан-жақты қолдау көрсететіндіктерін білдірді. Бұдан кейін саяхатшы Қазақ мәдениет және сауда орталығына барып көрмемен танысты. Орталық басшысы Сәрсенбай ақсақал қазақ жерін аралауға шыққанда да қолдау көрсеткен екен.

Ержан Уәйіс, қазақ мәдениет және сауда орталығының басшысы:

Мен бұл кісімен өткен жылы көктем айында Қызылорда облысында әкімнің орынбасары болып жүргенімде бұл кісі жолға шықты Қазақстанды аралаймын деп. 17 облысты аралаймын деп. Ұлытау мен Қызылорда шекералас қой, сол кезде мен күтіп алған едім. Қызылордада 3 күн қонақ жасап, халықпен кездесіп, әрі қарай Түркістанға шығарып салғанмын.

Сәрсенбай Қотырашев Ыстамбұлда бір-екі күн аялдаған соң елге қайтады. Ал келесі жылы Түркияға қайта келіп, әрі қарай Еуропа елдерін, Америка мен Қытайды жаяу аралап, әлемді бір айналып шығуды жоспарлап отыр.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу