Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыс: Бұл неден басталды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыс: Бұл неден басталды?

15.10.2023

Өткен аптада басталған Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыс ушығып барады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, әр тараптан 1200-ге жуық адам қаза болды. Бұл қақтығыс неден басталды?

Таяу Шығыстан тыныштық кетуіне не себеп? Мұны Нұрбек Матжаниден сұрап көрейік…

Бір аптадан бері әлем Израиль-Хамас арасындағы конфликтіде. Сан қатпарлы бұл қақтығыстың себеп-салдарына бір бағдарлама аясында талдау жасау мүмкін емес шығар. Десе де, Таяу Шығыс тарихына қысқаша шолу жасап көрейік. Толығырақ сәлден соң.

Израиль-Хамас текетіресі неден басталды? Бұл сұраққа жауап беру үшін жалпы Израиль-Палестина арасындағы конфликтке тоқталған жөн. Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілген Осман империясы ыдырап, оның орынына Таяу Шығыста бірнеше жаңа араб мемлекеті пайда болды. Осы аймақтағы даулы территориялардың бірі - Палестина Ұлттар Лигасының шешімімен Британияның бақылауына өтті. «Палестиналық мандат» деп аталатын құжат 1922 жылы қабылданып, 1923 жылы күшіне енді.

Ал Таяу Шығыстағы конфликтке 1917 жылғы Бальфур декларациясы түрткі болды. Құжатқа сәйкес, еврейлер Палестина жеріне қоныстануға рұқсат алған еді. Осылайша, Иерусалим мен Өлі теңіз арасын ежелден мекен еткен араб-еврей арасына сызат түсе бастады.

Еуропадағы антисемиттік қозғалыстар араб-еврей қатынасын одан сайын ушықтыра түсті. 1920 мен 1940 жылдар арасында нацистік режимнен қашқан еврейлер саны Палестинада күрт өсті. Конфликт эскалациясына жол бермеу және жағдайды реттеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы 1947 жылы Палестина аймағында екі тәуелсіз мемлекет құру туралы шешім шығарды. Оған сәйкес, әлемнің саяси картасында Израиль және Палестина мемлекеттері пайда болуға тиіс еді. Ал даулы Иерусалимге халықаралық қала мәртебесі берілді.

Көп ұзамай 1948 жылы Израиль өз тәуелсіздігін жариялады. Алайда палестиналықтар мен араб мемлекеттері Израильдің егемендігін мойындамай, территориялық претензиялар айта бастады.

«Араб-Израиль соғысы» деп аталатын қақтығыс 1948-1949 жылдары болды. Бұл Таяу Шығыстағы алғашқы текетірес еді. Осыдан кейін ірілі-ұсақты көптеген қақтығыс бүгінге дейін жалғасып келеді. Олардың арасында 1967 жылы болған «Алты күндік соғыс» және 1973 жылы болған «Йом-Киппур» немесе «Қиямет күнгі соғыс» қақтығыстарын ерекше атап өтуге болады.

1990 және 2010 жылдар аралығында Израиль-Палестина жанжалын шешуге бағытталған бірқатар бейбіт келіссөз жүргізілді. Норвегияда құпия түрде өткен «Осло процесі» деп аталатын тарихи келісімге 1993 жылы АҚШ-та қол қойылды. Бұл келіссөзге Израиль Премьер-Министрі Ицхак Рабин, Палестина лидері Ясир Арафат, АҚШ президенті Билл Клинтон қатысты. Нәтижесінде өз-өзін басқаратын Палестина әкімшілігі құрылып, Израиль тарабы Палестинаны азат ету ұйымын, ал өз кезегінде Палестина Израиль мемлекетін мойындауға келісті.

Бұл қақтығыстардың бәрінде Израиль жеңіске жетіп, әрбір қақтығыстан кейін Палестина өз жерлерінен айырылып отырған. Бүгінде Израиль Палестина террияториясының біраз бөлігін бақылауына алған. Алайда осы уақытқа дейін Палестина халқы түрлі тәсілдермен өз тәуелсіздігі үшін күресін жалғастырып келеді.

Қазіргі таңда Израиль мен Палестина арасындағы ең басты проблемалар мыналар:

- Израильмен қатар бөлек, тәуелсіз Палестина мемлекетін құру мәселесі;

- Қос тараптың Иерусалимге қатысты позициясы;

- Окупацияланған Батыс жағалауындағы еврей қоныстарын қалдыру немесе тарату;

- Палестиналық босқындар мәселесі.

Араб елдері мен Израиль тек территория үшін таласып жатқан жоқ. Ол жерде тарихи, мәдени, діни астар да бар. Әсіресе мұсылмандар мен иудейлер, христиандар да киелі қала санайтын Иерусалим үшін күрес ежелден жалғасып келеді.

Таяу Шығыстағы конфликттің қысқаша тарихы осындай.

Осы жерде айта кететін бір маңызды деталь бар. Бұл жолғы қақтығыс кейбір елдерде террористік ұйым ретінде танылған Хамас пен Израиль арасында өтіп жатыр. Яғни, Хамастың әрекеті тұтастай Палестина елінің позициясын білдірмейді деген сөз. Қалай да, Хамас пен Израиль арасындағы соғыс Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді.

Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан әлемдегі мұнай бағасы өсіп жатыр.

Соғыстың мұнай құнына ықпалы жайлы түрлі пікір бар. Сарапшылардың бір бөлігі қақтығыстың мұнай бағасына әсері қысқа мерзімді әрі шектеулі болады деп санайды. Өйткені Израиль де, Газа аймағы да ірі мұнай өндірушілері емес.

Дегенмен, Brent маркалы мұнайдың бағасы соңғы бір аптада барреліне 2 процентке қымбаттады. Ал, АҚШ-тың West Texas Intermediate эталоны барреліне 1 процентке өсті.

Алайда әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілер Иран мен Сауд Арабиясы Таяу Шығыста орналасқанын ескеру керек. Сондай-ақ бұл жерде транзиттік маршруттар үшін маңызды “Ормуз” бұғазы бар.

Дүйсенбі күні Morgan Stanley банкі мұнай тасымалына жақын арада қауіп жоқ деп мәлімдеді. Бірақ қақтығысқа басқа елдердің араласуы жағдайды өзгертуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Мұнайдың одан әрі қымббатауына қандай факторлар себеп болуы мүмкін?

Негізгісі – Таяу шығыстағы соғыс географиясының кеңею қаупі.

АҚШ пен Израиль әскери күштері соғысқа әзірге үшінші тарап қатысып жатқан жоқ деп отыр.

Ал егер алдағы уақытта аймақта орналасқан үшінші тарап елдер қақтығысқа араласа бастаса, бұл жағдай АҚШ-тың энергетика саласына қатысты жаңа санкцияларына әкелуі мүмкін. Бұлай болған күні сарапшылар әлемдік мұнай бағасы өседі деп отыр.

Сонымен бірге, бұл шиеленіс әлемдегі энергетика нарығындағы тұрақсыздықты күшейтіп, аймақтағы мұнай тасымалына едәуір кедергі келтіруі мүмкін.

Әлемде тағы бір қақтығыс күшейіп жатыр. Алайда бұл шиеленіс өзгерек. АҚШ пен Қытай арасында «чиптер соғысы» деп аталып жүрген қарусыз қақтығыс.

Байден үкіметі Қытай компанияларына жасанды интеллект чиптерін қолдануға тыйымды күшейтпек.

Былтыр ресми Вашингтон америкалық чиптерді Қытайға экспорттауды шектеген еді. Ондағы мақсат: Аспан асты елінің әскери-технологиялық қуатының күшеюін тежеу. АҚШ-тың бұл шешімін Бейжіңге ұнамағаны айтпаса да түсінікті. Онсыз да шиеленісіп тұрған екі ел қатынасы, тіптен, ушыға түсті.

Бұған дейінгі шектеу салдарынан қытайлық компаниялар чиптерді Сингапур секілді елдер арқылы жеткізіп жүрген еді. Енді Ақ үй қысымды арттырып, айналма жолдарды да жаппақ. Кейбір инсайттарға сүйенсек, бұл заңнама осы айда қабылданып, көп компанияны қамтуы мүмкін.

Қытайдың жасанды интеллект бойынша әлеуеті америкалық чиптерге тікелей байланысты. Осыған дейін қытайлық компаниялар өз өнімін шығаруда негізінен АҚШ технологиясына жүгініп келген.

Алайда Байден әкімшілігі жасанды интеллектке арналған чиптердің жолын кесумен тоқтар емес. Олар Amazon Web Services секілді бұлтты провайдерлерді де шектеуді қарастырып жатыр.

Жалпы, «Чиптер соғысы» ондаған жыл бойы жүріп жатыр. Ол туралы тарихшы-экономист Крис Миллердің «Chip War», яғни «Чиптер соғысы» деп аталатын кітапта кеңінен жазылған. Онда компьютерлік чиптердің геосаяси жағдайға ықпалы тарихи оқиғаларға негізделіп түсіндірілген. Сондай-ақ чиптердің стратегиялық актив ретіндегі маңызы мен оның болашақта халықаралық саясатқа қалай әсер ететіні де баяндалады.


Хабарламаларға жазылу