Үкімет Түркістан облысының жылыжай иелеріне қолдау көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет Түркістан облысының жылыжай иелеріне қолдау көрсетеді

13.10.2023

Алдағы жылдан бастап жылыжай иелеріне үкімет қолдау көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, электр қуаты мен газ шығындарына субсидия беріледі. Ол үшін шаруалардың жылыжайы сапа стандартына сай болуы тиіс. Соңғы мәліметтерге қарағанда, елдегі көкөніс өсіретін кешендердің саны 18 пайызға азайып кеткен. Сондықтан қаржылай қолдау жылыжай өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бермек.

Асқар Құрбанов жыл сайын жеті жарым гектар жерге көкөніс егеді. Алайда, шаруа соңғы бес жыл көлемінде жылыжай шығыны көбейіп, өзін өзі ақтамайтын болды дейді. Өткен жылы қатты отынның бағасы шарықтап, шығынға батты.

Асқар Құрбанов, шаруа:

Қазіргі таңда көмірдің бағасы пайданың 60 пайызын алып қояды-ау. Қалған 40-ы удобрение, шыбын-шіркейге зиян дейді ғой, бағасы өте қымбаттап кеткен. Алдында сезілмеуші еді. Қазір 4-5 жыл болды , пайда мүлдем қалмайды да. Бағаны ұстап тұру қиын болып жатыр.

Еліміздегі жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан облысының аумағында орналасқан. Қазір өңірде 3 366 жылыжай бар. Десе де, олардың қатары азайып барады. Себебі, шаруалардың табыстан гөрі шығыны көп. Соның салдарынан отандық өнімнің импортқа қарағанда бәсі төмен. Тіпті логистикалық және басқа да экспорттық шығындарды есепке алмағанда , көрші елдерден әкелінетін көкөніс арзанға түседі. Осы себепті үкімет келер жылдан бастап жылыжай шаруашылығына қаржылай қолдау көрсетпек.

Дәуренбай Тілегенов, шаруа:

Егер субсидияны алсақ, дәрі-дәрмегін, тыңайтқыштарын аламыз. Көмір, отынын сатып аламыз. Жалдамалы жұмысшылардың айлығын береміз. Жан жақты көмек қой.

Ал шаруашылыққа мемлекеттен жәрдем алу үшін жылыжай бекітілген стандарттарға сай болуы тиіс. Оны «Ұлттық сараптама және сертификаттау» орталығы анықтайды. Қазір орталық кәсіпкерлердің өтінішін қабылдай бастады.

Әлібек Плалов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Өнеркәсіптік жылыжайларға сатып алынған тұқымдарының елу пайызын мемлекет субсидиялап береді. Одан бөлек, тағы да минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау деген бағдарлама бар. Сол бағдарламаның негізінде сатып алынған тыңайтқыштардың елу пайызын мемлекет субсидиялап береді.

Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – импортқа тәуелділікті жою. Түптеп келгенде, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан әзірге жылыжайда гүл немесе цитрустық дақыл өсіретіндерге субсидия берілмейді.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу