Талдықорғанда екі мәрте социалистік еңбек ері атанған, дала академигі Нұрмолда Алдабергеновке ескерткіш қойылды. Өңірдің ауылшаруашылық саласын өркендетіп, қант қызылшасын жинауда рекордттық өнім алып, әлемге танымал болған еңбек адамының өмір жолы барша жетісулықтар үшін мақтаныш.
Нұрмолда Алдабергенов не бәрі 4 сыныптық білімімен дала академигі атанды. Екі мәрте еңбек ері деген атақты да алды. Бәрі маңдай тердің , қажымас қайраттың арқасы дейді, көз көргендер. Ескерткіштің салтанатты ашылуына қатысқан көпшілік еңбек адамына құрмет көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді. Арасында Нұрмолда Алдабергеновтың ұрпағы да бар.
Рабиға Алдабергенова, қызы:
Осындай кісінің артында қалған ұрпағы ретінде, осы кісінің қызы ретінде мен әкемді мақтаныш тұтамын. Біздің Жетісу өңірінде Нұрмолда Алдабергенов сияқты елім деп еңіреп еңбек еткен, еңбек ардагерлері, елдің атын шығаратын ер азаматтар көбейе берсін. Өсе берсін.
Еңбек ерінің есімін елге таныту мақсатында ескерткіш жанынан ашық аспан астында көшпелі музей қойылды. Дала академигінің қолданған заттары, киімі, жазған хаттары жұрт назарына ұсынылды. Нұрмолда Алдабергенов өз заманында ауыл еңбеккерлерін ұйыстырып, аграрлы аймақтың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға.
Шайбала Тергеуова, Н. Алдабергенов атындағы музейдің құрметті директоры:
Істеген істері қазіргі заманда соның бәрі іске асып жатыр. Сол атаның тәрбиесі қазіргі заманда қайталанып жатыр.
Қоладан құйылған бюст дала академигінің есімі берілген көшеде мен мұндалап тұр. Еңселі ескерткіш қарапайым еңбек адамына деген ерекше құрметтің белгісі дейді жерлестері.
Қуаныш Қанатұлы