Түркістан облысында көпқабатты үйлердің құрылысы аяқсыз қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында көпқабатты үйлердің құрылысы аяқсыз қалған

12.10.2023

Түркістан облысы, Жетісай ауданында баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны 4200-ден асып кетті. Алайда оларды тұрғын үймен қамту оңайға соқпай тұр. Себебі, төрт жыл бұрын аудан орталығынан салына бастаған алты көпқабатты үйдің құрылысы әлі аяқталатын түрі жоқ. Себебі, мердігер құрылыс материалдары қымбаттап кетті деп, үйлерді салудан бас тартқан. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Жетісай қаласында тұратын Сапарбаевтар отбасы он жылдан бері пәтер жалдап жүр. Қазір төрт баласы бар келіншектің аяғы ауыр. Келесі айда тағы бір перзентін күтуде. Алайда қымбатшылық бүйірден қысқан заманда өздігімізден баспана алуға шамамыз келмейді дейді ерлі- зайыптылар. Сондықтан пәтер кезегіне тұрған.

Қалия Мырзақұлова, Жетісай қаласының тұрғыны:

-Жетпейді екеуміздің табысымыз. Күйеуім бір 150 мың табар, менікі өзім 100-дің жобасында табамын. Азық-түлікке жетпейді. Балалардың киім-кешегі бар.

Қазір Жетісай ауданында баспана кезегінде тұрғандардың саны 4 мыңнан асады. Бірақ, жылдап кезек күткен жандарға бере қоятын пәтер жоқ. Жергілікті халықты тұрғын үймен қамту үшін 2019-шы жылы аудан орталығынан 200 пәтерлі алты көпқабатты үйдің құрылысы басталған болатын.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

-Жетісай қаласындағы мына алты көпқабатты үйдің құрылысы үш жыл бұрын аяқталуы тиіс еді. Алайда баспана кезегін күткен тұрғындардың бірде-бірі пәтерін алған жоқ. Себебі, үш үйдің құрылыс жұмыстары аяқсыз қалса, өзгелеріне инфрақұрылым тартылмаған.

Жауаптылардың сөзінше, мердігер компаниялар бірнеше рет ауысқан. Базбірі құрылысты аяқтауға қаражат жетпейді деп, құрылыс жұмыстарын аяқсыз қалдырған.

Сансызбай Сейдалиев, Жетісай аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

-Қымбатшылыққа байланысты бағаның, құрылыс материалдарының көтерілуіне және қаражат жетпеуіне байланысты бұған ақша бөлінбеген. 2023-ші жылы да бөлінбеген, 2022-ші жылы да бөлінбеген. Сол себепті біз өзіміздің тарапымыздан келісім шартты біржақты бұздық.

Қазір бұл мердігерлерді құрылыс бөлімі сотқа берді. Ал, оны аяқтауға қайта жобалау сметалық құжатын жасап, тиісті басқармадан қаражат сұрамақ. Ал қалған үйлерге газ, су және электр жарығын қосу керек. Дегенмен, аудандық тұрғын үй бөлімі бұл пәтерлердің берілгенін күтпей, кезекте тұрғандарға жүз тұрғын үй сатып әпермек.

Дихан Әзіретбек, Жетісай аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

-Қазіргі таңда оның мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Осы үйлерге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ санатында тұрған азаматтарға үлестіретін боламыз.

Айта кетейік, Жетісай ауданында кезектегілер соңғы рет 2019-ші жылы тұрғын үймен қамтылған болатын. Ол кезде республикалық бюджет тарапынан арнайы қаражат бөлініп, 88 көпбалалы анаға тұрғын үй сатып әперілген.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу