Жетісу облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар жаңа үйлерге көшіріле бастады. Естеріңізге сала кетейік, Ескелді ауданында тамыз айында қатты нөсерден кейін өзен суы арнасынан шығып, 22 үй жарамсыз деп танылған еді. Ал 67 шаңыраққа арнайы комиссия жөндеу жүргізу қажеттілігі туралы шешім шығарған болатын. Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен 217 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, барлық 22 отбасыға баспана сатып алынды. 21 шаңырақ жаңа үйлеріне көшіп үлгерді.
Әнел Есімханова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
Жылап-сықтап, қалай болады деп, қыстың келетіні мынау деп кәдімгідей отбасымызбен алаңдадық. Үйіміз деген кең, жылы үйіміз. Ауламыз да кең.
Су тасқыны Абай, Ешкөлмес және Кірпіш зауыты елді-мекендерінен өткен болатын. Ал тұрғындарға баспана аудан орталығы Қарабұлақ ауылынан алынды. Сондай-ақ баспаналары жарамды деп танылған шаңырақтарға жөндеу жұмыстарына 187 млн теңге қаржы бөлінді.
Берік Дүйсебаев, Ескелді ауданы әкімінің аппарат жетекшісі:
Әрқайсысына кеткен шығын, қанша шығын, үйге қандай ремонт керек, қандай жұмыс жасалу керек соған байланысты қаражаттар бөлініп, олардың өздерінің счеттарына аударылып, беріліп тастады.
Қуаныш Қанатұлы