Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды

10.10.2023

Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Президент облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралады. Аймақ басшысы Қызылордада жаңа әуежай терминалы мен автобекет салынып, теміржол вокзалы жөндеуден өтіп жатқанын айтты. Облыс орталығында жаңа жылу электр орталығының құрылысына да қызу дайындық жүріп жатыр. Тілші Данияр Қайыртай толықтырады.

Бұдан соң мемлекет басшысы облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралады. Аймақ басшысы Қызылордада жаңа әуежай терминалы мен автобекет салынып, теміржол вокзалы жөндеуден өтіп жатқанын айтты. Облыс орталығында жаңа жылу электр орталығының құрылысына да қызу дайындық жүріп жатыр. Тілші Данияр Қайыртай толықтырады.

Қызылорда әуежайы 23 жыл бұрын салынған. Ұшақтар тек Астана мен Алматыға ғана қатынайды. Рейс санын көбейтіп, жолаушы тасымалын арттыру үшін ендігі жылы әуе айлағының жаңа терминалы ашылмақ.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Жоба құны – 20 млрд тг 15,7 млрд демеуші көмек көрсетіп жатыр, 4,3 млрд тг жергілікті бюджеттен инфрақұрылым жүргізуге, абаттандыруға бағытталды. Қазіргі таңда 80 пайыз жұмыс бітті.

Қалада бұған дейін автобекет болмаған. Сондықтан қазір заманауи үлгідегі жаңа бекет құрылысы жүріп жатыр. Ол жыл соңына дейін іске қосылады. Одан бөлек қаладағы теміржол вокзалы да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өңір әкімі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылордадан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғанын баяндады.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Бұл жолды өткен жылдың тамыз айында өзіңіздің қабылдауыңызда болған кезде халықтың өтінішін өзіңізге жеткізген болатынмын. Сіз Үкіметке тапсырма бердіңіз. 2024 жылдан бастап жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу басталады. Қазіргі таңда 10 мыың үстінде көлік қатынауда. Жол, расында, тар екен. Неге созылып кетті? Тездету керек!

Президентке Қызылорда-Жезқазған автожолының құрылысы туралы да мәлімет берілді. Қазір облысқа тиесілі 200-ден астам шақырым жолдың жартысы дайын.

Ал, шаһардың жылу электр орталығы 60 жыл бұрын салынған. Бірнеше рет жөнделсе де, қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жетіп отыр. Сол үшін облыс орталығында жаңа жылу электр орталығы салынады. Былтыр Түркия компаниясымен бу-газ қондырғысын орнату жөніндегі келісімшартқа қол қойылған. Жоба құны – 215 млрд тг. Қолданысқа 2025 жылдың соңына қарай берілмек.

Бұдан соң Мемлекет басшысы темірбетон бұйымдарын өндіретін жаңа зауытқа барды. Инвесторлар 2,5 млрд теңгеге салған комбинат күніне 200 текше метр өнім шығарады. Ал шикізат облыс аумағындағы кәсіпорындардан алынады.

Исламғали Қозыбақов, кәсіпорын құрылтайшысы:

Құрылыс материалдарын шығарамыз. Одан бөлек мұнай саласына керекті құрылыс темір-бетон бұйымдарын шығарып жатырмыз. Құрылыс материалдарның барлық көлемі осы Қызылорда қаласында жеткізіліп жатыр.

Президент аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлерінің көрмесін аралады. Олардың басым бөлігі – құрылыс саласы үшін аса қажет материалдар. Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен әңгіме кезінде шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.

Данияр Жаналинов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

Құрылыс материалдарын өндіру өңірдің басым саласы. Салада 70-ке жуық кәсіпорын жұмыс жасайды. Негізгі үлесі шағын кәсіпорындар болып табылады. 12 мың адам жұмыспен қамтылған. Есепті кезеңде құрылыс материалдар өндіру көлемі 40 млрд. теңге. Ал экспорттылық көлемі 5 млрд. теңгеден асып отыр.

Данияр Қайыртай, тілші:

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды. Алдағы үш жылда облыста 27 мектеп бой көтермек. Қалада 300 орындық көпбейінді аурухана мен Қан орталығының, ал ауылдарда 27 медпунктың құрылысы жүріп жатыр. Спорт және мәдениет мекемелерін салу да көзделген. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер де жұмылдырылады.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу