«Мерейлі отбасы»: Сүйінішев әулеті «Патриот отбасы» аталымын жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мерейлі отбасы»: Сүйінішев әулеті «Патриот отбасы» аталымын жеңіп алды

10.10.2023

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері, еңбекқор жанұя Сүйінішевтер әулеті тұрады. Отағасы Асылбек Сүйінішев - ауған соғысының ардагері. Қазір аудандық психология-педагогикалық түзеу мекемесінде күзетші болып қызмет етеді. Айналасына қамқор, көмекке әзір тұратын азамат шағын ұжымдағы әріптестеріне сыйлы. Ал осы шаңырақтың анасы Шолпан Хайрушева аудандық пошта мекемесінде жұмыс істейді. Аталған салада 33 жыл табан аудармастан тер төгіп келеді. Еңбек жолын оператор болып бастаған ол қым-қуат қызметтің барлық сынынан өткен.

Шолпан Хайрушева, Бөкей ордасы аудандық пошта байланыс торабы басшысының орынбасары:

Ағам аудан құрылғанда 30 жыл пошта саласында басшы болып, қызмет етті. Және отбасылық династия деуге болады, аға-іні, апаларымның бәрі осы байланыс саласында жұмыс істеді. Үздіксіз, еңбек кітапшамда тек бір мекеме.

Ауған соғысының ардагері бірнеше медальмен марапатталған. Кейінгіге бейбіт күннің қадірін насихаттап отырады. Ал, Шолпан Қайырболатқызы Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Содан да болар, «Мерейлі отбасы» байқауында «Патриот отбасы» аталымын жеңіп алды. Бүгінде қос ұлдан бірнеше немере сүйіп отырған олар еңбекқорлық пен адамгершілікті бәрінен биік қояды.

Асылбек Сүйінішев, Ауған соғысының ардагері:

Ауғанстанға 1985 жылы бардым. Тамыз айында. 21 ай сол жақта болдым. 149-шы жаяу әскер полкінде, миномет батальонында болдым. Еңбектенсең, бәрі бар ғой қазір, ерінбеген адамға. Балаларды оқыттым ғой солай. Жұмыстан соң жұмыс істеп, еңбектеніп.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу