Абай облысында мемлекеттің қолдауымен кәсіпкер атанғандар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында мемлекеттің қолдауымен кәсіпкер атанғандар көбейіп келеді

09.10.2023

Абай облысының Үржар ауданында мемлекеттің қолдауымен кәсіпкер атанғандар көбейіп келеді. Төмен пайызбен несие, қайтарымсыз грант алып ісін бастағандар бар. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнеске бет бұрғандарға қолдау көрсетіле бастады. Ол үшін 500 миллион теңге қаржы бөлінді.

Қанат Иманбай 9 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысады. Көкөністің түр-түрін өсіріп, аудан халқыны қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылдан бастап қосымша құс шаруашылығын қолға алды. Ол үшін жастардың кәсіпкерлігін қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 1.5 миллионға жуық қайтарымсыз грант жеңіп алған. Қазір инкубатордан балапан шығарып, тауық етін өндіреді.

Қанат Иманбай, кәсіпкер:

11 айдың ішінде, ай сайын кем дегенде 200-250 бас айына өндіріп отырмыз етке. Енді алдағы уақытта осы құс шаруашылығын кем дегенде 1 мың басқа дейін өсірсек деп жобалап отырмыз.

Ал Жанар Мұсабаева аудан орталығынан жартылай фабрикаттар өндіретін цехты іске қосқан. Мемлекеттік жоба арқылы қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіпті. Қазір аудан тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Келер жылдан бастап өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнімдерін облыс көлемінде таратуды жоспарлап отыр.

Жанар Мұсабаева, кәсіпкер:

4,5 миллион грант ұтып алдық. Үлкен көмек болды мемлекеттен. Соның арқасында көп құралдар алдық. Қазіргі кезде 9 адамды жұмыспен қамтып отырмын.

Үржар ауданында қазірдің өзінде 2 мың кәсіпкер болса, биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы аясында бизнес өкілдерінің саны тіпті артпақ. Өйткені бағдарлама арқылы іс бастағысы келгендер 2,5 пайызбен 8 миллионға дейінгі қаржы ала алады. Қазір 100 ге жуық адамнан өтініш түскен.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

Мал шаруашылығы болсын, жаңағы бал шаруашылығы болсын. Басқа да шаруашылықтар болсын. Жаңадан тігін цехын ашам дегендер көп. 500 миллионға өтінім берілді. Әлі де 100 миллионға береміз деген жоспарымыз бар.

Жалпы Абай облысы бойынша биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. 600 ге жуық жаңа жұмыс орнын ашылады деп жоспарланған.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу