Алматы облысында 30-дан астам үй оқшауланып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 30-дан астам үй оқшауланып қалды

06.10.2023

Алматы облысы Бесағаш ауылында 30-дан астам үй оқшауланып қалды. Ал, көршілес жатқан Тұздыбастау ауылы «Тасқын судың астында қаламыз ба" деп қауіптеніп отыр. Себебі жеке кәсіпкер ауыл іргесінде ағып тұрған өзенді көміп, оның арнасын заңсыз бұрған. Біз кәсіпкерден мән-жайды білмек болып хабарласқан едік. Тілдесе алмадық. Арнамыздан көмек сұраған тұрғындардың мәселесін әріптесім Нұрсұлтан Тілектес тыңдап қайтты.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Міне көріп тұрғандарыңыздай 20 сотық жер жан-жағынан қоршалған. Салдарынан екі бірдей ауылдың тұрғындары зардап шегіп отыр. Мына жағынан Бесағаштың халқы жан-жақа шыға алмай оқшауланып қалса, мына жағынан Тұздыбастау тұрғындары баспанасыз қаламыз деп дабыл қағуда.

Осыдан бірнеше күн бұрын өзін участке иесімен деп таныстырған азамат ауыр техникалар әкеліп өзенді көміп, арнасын маңайдағы тұрғын үйлерге бұрған.

Әлішер Әукенбаев, ауыл тұрғыны:

Менің құжатым бар деді. Кім келсе де маған бәрібір деді. 01:31 Оған ештеңе істей алмаймыз. Оған қарапайым халық емес оған әкімшілік ештеңе істей алмай жатқанда біздің қолымыздан не келеді?

Қтырбұлақ өзені Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік инспекциясына қарайды. Мекеме мамандарының айтуынша, жеке кәсіпкер учаскені тегістеп, өзен арнасын бұрарда олардан рұқсат сұрамаған. Тұрғындар жеке кәсіпкердің әрекетін заңсыз деп отыр.

Серік Аулабаев, ауыл тұрғыны:

Әкімшілік емес қылмыстық іс қозғалуы керек. Мынаны көміп тастасын және жерді өкіметтің есебіне қайтарсын. Біз соңына дейін барамыз сондай оймен.

Тіпті, аудандық әкімдік пен Төтенше жағдай басқармасы да бейхабар.

Мұхаммедуәли Мамықбаев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторы:

Ол рұқсатты біз бермейтін едік. Өйткені өзен арнасын өзгерту ол заңсыз. Ондайға біз рұқсат бермейміз. Енді осы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сай құқықбұзушылық ретінде тіркейміз. Сот процесі болады.

Мамандардың айтуынша, өзеннің жағасына қандайда бір нысан салуға қатаң тыйым салынады. Кем дегенде 30 метр аумақ ашық жатуы тиіс. Бірақ, осыған қарамастан участе иесі мұнда отбасылық жатақхана тұрғызбақшы екен. Осы тұста, ерекше қорғалуы тиіс аумақ қалай жекеге сатылып кетті деген заңды сұрақ туындайды.

Әнуар Әскербеков, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл жерлер 2006-2007 жылдар аралығында пай ретінде шаруа қожалығы нысаналы мақсатында берілген жерлер. Содан кейін 2017-2019 жылдар аралығында бұл жерлердің нысаналы мақсатын ауыстырып, өзгертіп тастаған. Аудан әкімшілігі тарапынан Мамандарылған табиғатты қорғау прокуратурасына хат жібердік. Заң аясында әкімшілік жаза қолданылады.

Дәл осы аумақпен көршілес Бесағаш ауылының тұрғындары аудан орталығына, ал балалары мектепке барады. Қазір ол қоршалып тұрған соң 30-дан астам үй оқшауланып қалған. Ал, өзен арнасы үйінің түбінен ағып тұрғын тұрғындар жауын-шашын болмаса екен деп жанын шүберекке түйіп отыр. Қотырбұлақ өзені сырт көзге шағын болып көрінгенімен, 50 шақырымға созылып жатыр әрі ағысы қатты. Жауын-шашын бола қалса толып-тасып кететін өзен қазір маңайдағы жүздеген үйге қауіп төндіріп тұр.


Хабарламаларға жазылу