Қызылордадағы «Бәйтерек» мөлтек ауданында тұрғындар көптен күткен жаңа мектеп ел игілігіне берілді. 600 орындық білім ошағы облыстың 85 жылдық мерейтойына орай тарту етілді. Бұл шаһардың шет аумағында ораналасқан елдімекендегі алғашқы білім беру нысаны.
Тыңнан түрен салынған мөлтек ауданға тұрғындар 2016 жылдан бастап қоныстанған. Содан бері халық саны артып, бүгінде қаланың шет аумағындағы үлкен елдімекенге айналды. Осы кезге дейін бәйтеректік балалар қаладағы мектептерге қатынап оқып келді. Ал тұрғындардың басты талабы білім ошағы еді. Енді міне, бұл мәселе оң шешімін тауып, заманауи мектеп есігін айқара ашты.
Гүлшара Қаражанова, Бәйтерек мөлтек ауданының тұрғыны:
Жаңа мектеп ашылып, жүрегіміз жарылып қуанып жатырмыз. Бұрын мектеп жоқ, әр жерде оқыды оқушылар. Енді жаңа мектеп ашылып, балаларымыз осыған келіп жатыр. Біз өте қуаныштымыз.
Екі қабатты мектеп 600 орынға лайықталған. Барлық сыныптар заман талабына сай жабдықталған. Қазіргі таңда ықшам ауданда тұратын 300-ге жуық бала жаңа мектепке ауысып, білім алып жатыр. Сондай-ақ, елдімекен ішінде балаларды тасымалдауға екі автобус қаралған. Жалпы білім саласындағы байыпты бастамалар әлі де жалғасын табады.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында өңірімізде құны 100 млрд теңгеге жуық 12300 орындық 21 мектеп салынуда. 10 мектептің құрылысы басталды. Оның 5-еуі облыс орталығында салынуда. Сол мектептердің бірі осы Бәйтерек мөлтек ауданында бой көтерді.
Биыл Сыр өңірінде мемлекет тарапынан бөлек жеке инвесторлардың да қолдауы ерекше. Ірі кәсіпорындардың демеушілігімен облыс орталығынан 350 орындық Оқушылар сарайы мен музыкалық колледждің жаңа ғимараты бой көтермек.