Депутаттар діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті

04.10.2023

Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу керек. Бүгін Мәжілісте депутаттар қазақты діни негізде бөлшектеу басталды деп дабыл қақты. Олардың сөзінше, қазір ән әлемінде, айтыста, спортта, тіпті билікте жат ағымның өкілдері жүр. Олар ұлтты жою күресін қарқынмен жалғастырып келеді. Бұл қатерге шұғыл тосқауыл керек деп Үкімет басшысы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады. Дін туралы заң, елімізде осыдан 15 жыл бұрын қабылданған. Бірақ, заңдық тұрғыда қатаң тыйым салынбаған. Салдарынан, исламдық секта елдің біраз аймағында етек жайып барады. Депутат Ермұрат Бәпи/ қауіпті аймақтарды атады. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірлерінде базар саудасы төңірегін уахабшылар-салафизм идеясына табынушылар басып барады деді. Ұлттық құндылықтар мен рухани ұстанымдарда шабуыл да үдей түсуде. Бұның бәрі ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп. Осылай деген депутаттар шұғыл әрекетті талап етті.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің ұлттық қазақи негіздегі дәстүрімізге қарсы жағдайдың бәріне тыйым салатын болуы керек. Жаңағы орануы бар, домалануы бар, хиджабы бар, басқасы бар, барлығына тыйым салатындай заң керек бізге. Үкіметтен талап етеміз. Мынау дін туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Үкіметтен талап етеміз. Егер де Үкімет тарапынан ондай бастама жуық маңда болмайтын болса депутаттар бастамалық етейін деп отырмыз.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу