Биылғы жылдың 9 айында мемлекеттік органдардың ресурстары мен еліміздің аса маңызды нысандарына 163,4 миллион кибершабуыл жасалған. Оның бәріне тойтарыс берілді. Қасым Жомарт Тоқаев бүгін «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамына барды. Мемлекет басшысына ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінің қазіргі жай-күйі және қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар, Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының, Телекоммуникация желілерін басқару орталығының, сондай-ақ Компьютерлік инциденттерге қарсы ұлттық әрекет ету қызметінің және Зиянды кодты зерттеу орталығының жұмыс процесі мен нәтижелері таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ақпараттық инфрақұрылымының тұрақты қызметін қамтамасыз ететін және осы саладағы қауіпсіздікке төнген кез келген қатерге төтеп беретін механизмдерді дамыту маңызды екенін атап өтті.
Асима Нұрбайқызы