Қазақстанның бір топ кәсіпкері Мичиган университетінде екі апталық тағылымдамадан өтіп жатыр. «Тәуелсіздік алғалы бері бұл бірінші рет болып отыр» - дейді экономист Мақсат Халық.
Отандық іскер азаматтар Бизнесті басқару магистрі бағдарламасы бойынша теориялық қана емес, тәжірибе жүзінде білімін толықтыруда. Оның ішінде «Стратегиялық көшбасшы» курсында қазіргі заман талабына сай бизнестің қыр-сырын меңгеруде. Екі апталық бағдарлама аясында қазақтандық кәсіпкерлер америкалықтармен тығыз байланыс орнатып, өзара іскерлік қатынасты арттыруды да мақсат тұтқан.
Сырымбек Тау, бизнес бағдарламаның тыңдаушысы:
Жалпы біз Қазақстанмен ғана шектеліп қалмай әлемдік деңгейде ойлау қажет екенін түсініп жатырмыз. Неге десеңіз, Amazon болсын, Walmart болсын бізге тапсырма берді, осы демалыс күндері, Германияда не үшін Уолмарт дүкенін ашпады деген тапсырмалар болды. Өте қызық. Маған ұнап жатыр. Әр дүкенді аралап, түнде қалай, күндіз қалай, бәрін тексеріп көріп жатырмыз.
Жалғас Сәдібекұлы