Шетелге жұмыс табуға көмектесеміз деген компанияға 100-ден астам адам алданып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелге жұмыс табуға көмектесеміз деген компанияға 100-ден астам адам алданып қалған

02.10.2023

Англия мен Польшаға барып, қомақты қаражат табамыз деп, алданып қалдық. Жүзден астам адам салған қаражатын талап етуде. Олардың шетелден жұмыс табуына көмектесіміз деген компания әрқайсысынан 1 милллион теңгеден жинап алған. Бірақ, қызмет көрсету компаниясы еш кінәміз жоқ деп отыр. 

Гүлмира Бектұрсынованың жалғыз ұлы анасының еміне қаражат жинау үшін шетел аспақ болған. Әлеуметтік желіден «Svictory» деп аталатын компанияның парақшасын тауап алып, Англияға жібереміз деген жарнамасына ұрынған. Тұманды Альбионға жалдамалы жұмысшы ретінде бару үшін тіпті несие рәсімдеп, бар ақшасын берген.

Гүлмира Бектұрсынова, қала тұрғыны:

Балам жұмыстан шығып кетті. Біз қазір мына жерге таксимен келдік, қайтарға ақшамыз жоқ. Сол баламның әрлі-берлі жүрген ақшасын, жолын, қонақ үйде жатқанын өндіріп берсін. 1 млн бергенбіз, соны өндіріп берсін.

Шетелден нәпақа іздеген 102 адамға виза алып береміз деген компания әрқайсысынан 1 млн теңгеден ақша алған. Тиісінше айына 500 мың мен 1,5 млн теңге дейін табыс табасыңдар деп сендірген. Дегенмен әуелі Англияның, кейінен Польшаның Қазақстандағы елшілігі оларға виза беруден бас тартқан.

Мәдина Әлиева, Алматы облысының тұрғыны:

Осы кісілердің жинап берген құжатымен елшілікке барған едім, жалған құжат деп маған жауап келді. Демек бұл кісілер құжатты дұрыс жинамаған, сондықтан мен елшіліктен өте алмай қалдым.

Наурыздан бері шетелге кете алмай жүрген азаматтардың тең жартысы, тілшілер тобымен қызмет көрсету компаниясының бас кеңесіне келді.

Қанша тырысқанымен ішке кіре алмаған халыққа компанияның қызметкері шықты. Ол шулаған халыққа келісім шартта көрсетілгендей, осы жылдың соңына дейін тағы да виза әперуге тырысамыз деді.

Гүлсара Меңғали, компания өкілі:

Біз олардан алған ақшаның құнын өтедік. Яғни, құжат жинадық, басқа шығындар бар дегендей. Сондықтан бұл кісілердің әрқайсысына 250 мың теңгесін қайтара аламыз. Немесе тағы бір рет визаға өтініш тапсырамыз, жауабын күтсін.

Ал заңгерлер мұндай жағдайда қылмыстық іс қозғалып, компания өкілдері жауапқа тартылуы мүмкін екенін алға тартты.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Біріншіден, азамат сотқа бере алады. 250 мыңды қайтарды, енді қалған 750 мың теңгесін қайтару туралы. Болмаса ұйымдасқан арыз жаза алады. Қылмыстық іс қозғалсын деп. ҚК 190-бабы бойынша алаяқтық іс қозғалсын деп құзырлы органдарға жүгіне алады.

Тұрғындар компаниядан алдағы бір-екі күнде ақшаларын толықтай қайтаруды талап етіп отыр. Әйтпесе құқық қорғау органдарына, тіпті Бас прокуратураға шағымдануға бекінген.



Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу