«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды

02.10.2023

Болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеме едәуір артады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Себебі елде бала туу көрсеткіші жоғары. Дегенмен қазір түлектердің 40 пайыздан астамын грантпен қамтуға мүмкіндік бар. Алайда 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15 пайызға дейін қысқарады. Бұл ретте министрлік 2020 жылдан бастап жыл сайын гранттар санын орта есеппен 10 пайызға ұлғайтпақ.

Бұл мәселенің оң шешімін шығару үшін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жоғары білімді қолжетімді ету үшін осы жүйені енгізуді тапсырған болатын. Оның көмегімен 5 жастағы балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде білім алуға бастапқы капитал салады. Сондай-ақ ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7 пайыз мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады.

Енді жиналған қаражатты бір есептеп көрейік. Егер айына 1 айлық есептік көрсеткіш , яғни қазір бұл 3 450 теңге мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Ал ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады.

Бұдан бөлек,  Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында қаражат жинақталатын болады. Бұл кейіннен қаражатты бір жерге шоғырландыруға, таңдаған жоғары оқу орнының оқу ақысын төлеуге мүмкіндік береді.

Жалпы, «Келешек» жүйесі азаматтарды қолдаудың қосымша тетігі болмақ. Ал талапкер грантқа түскен жағдайда, шотында жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.


Хабарламаларға жазылу