Астана тұрғындары хостелдің жабылуын талап етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана тұрғындары хостелдің жабылуын талап етеді

02.10.2023

Астанада тұрғындар хостелдің жабылуын талап етіп жатыр. Себебі тұрғын үй кешенінен ашылған бұл жер жын-ойнақтың ордасына айналуда дейді. Тіпті тұрғындар балаларын ойын алаңына жіберуден қалған. Ал Астана қаласының әкімдігі тексерісті тек арнайы шағым түскенде ғана жүргізе алатындарын жеткізді.

Клара Жанұзақова: «Табысты» тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

Міне бір қабат хостел. Тәулікке жалдайды. Күнделікті адамдары ауысып отырады. Кім келіп, кім кетіп жатқанын біз білмейміз. Олар бұл үйдің тұрғыны емес.

Хостелдің ішкі көрінісі міне осындай. Ортақ асхана, ортақ жуынатын бөлме, ортақ дәретхана. Бұл жерді пана еткендер бір бөлмені айына 35 мың теңгеге жалдайтындарын айтады.

 Самал Қабышева, тілші:

Міне бұл хостелдің есігі. Ал мына жерде балалардың ойын алаңы. Хостелге бейтаныс адамдар көп келгендіктен, мұндағы тұрғындар балаларымызды ойын алаңына ойнауға жібермейміз- дейді. Себебі олар балаларының қауіпсіздігі үшін қорқады.

Қорқатындай жөні бар. Міне қанға боялған есік. Бұл кадрларды тұрғындардың өзі түсіріп алған. Хотелдегілер бір-бірімен ерегесіп, соңы төбелеспен аяқталған.

Гүлмира Шрахметова, Астана ПД бөлім жетекшісінің міндетін атқарушы:

Атылмыш фактіге қатысты төбелеске қатысушылардың бәрі анықталып, Нұра ауданының полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 107 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Табысты» тұрғын үй кешенін «Жер билдинг» мердігер компаниясы салған. Хостел де осы компанияның жеке меншігінде. Олар барлығы заң аясында жұмыс істеп жатқанын айтады.

Тимур Сипатов, «ЖЕР БИЛДИНГ» ЖШС директорының орынбасары:

Бұл коммерциялық нысандар біздің меншігімізде. Заңға сәйкес тұрғын үйлердің бірінші қабатынан хостел ашуға болады. Хостелді тек тұрғын үйдің ортаңғы және соңғы қабатынан ашуға болмайды. Өздеріңіз көрдіңіздер, біздің хостел бірінші қабатта орналасқан. Яғни заңға сәйкес тұр.

Сондай-ақ «Жер билдинг» компаниясының өкілі хостелді ашу үшін тұрғындардың келісімі қажет еместігін айтады. Себебі хостел орналасқан аумақ біздің жекеменшігіміз дейді. Ал Астана қаласының әкімдігі тек тұрғындардың арызы негізінде нысанға тексеру жүргізе алатындарын жеткізді.

 Ернұр Баймұсаев, Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы:

Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына арыз шағымы өтініші арқылы, болмаса egov арқылы, не болмаса біздің концелярияға арызын тіркеу арқылы арызданса болады.

Бірнеше тұрғын үйге аядай ғана ойын алаңының болуы, көпқабатты үйдің дәлізіне кондиционердің орнатылуы да тұрғындарды шошытып отыр. Жер билдинг мердігер компаниясына қатысты шағымымызды тізіп береміз деген тұрғындар, тексеріс әділ жүргізілсе деп тілейді.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу