Алдымен АҚШ, енді Германия. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы апта Еуропа еліне сапарлады. Батыстың Орталық Азия бестігімен байланысты күшейтудегі белсенділігі де артып барады.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия экономикасы Шығыс комитетінің мүшелерімен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық қатынастардағы Қазақcтанның рөлін ерекше атап өтіп, жаңа деңгейге көтеру үшін ұсыныстарын да жеткізді.
«Біз маңызды шикізат тауарлары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Бүгінде сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс ұсыныстан едәуір көп. Мемлекеттердің болашақтағы технологиялық дамуы осы үрдісті күшейте түседі. Қазақстан Орталық Азияның басқа мемлекеттері сияқты, Еуропа Одағына қажетті аса маңызды металдар мен минералдардың орасан зор қорына ие. Оларды бірлесіп өндіруде ғана емес, қайта өңдеу ісінде де бұл бағыттың перспективасы зор», – деді Президент.
Алыс-берісті арттыру Қазақстан үшін де, қарт құрлық үшін де тиімді екені сөзсіз. Осы орайда Германияның жаһандық жаңа экономикалық жүйе құруға талпынысы байқалады. Алғаш рет өткен Berlin Global Dialogue халықаралық конференциясына жиналған қонақтардың деңгейі мен жасалған мәлімдемелер соны аңғартады.
Германия Федералдық республикасының канцлері Олаф Шольц, Еуропалық Кеңес басшысы Шарль Мишель, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шри-Ланка басшысы Ранил Викрамасингхе. Әрі Бельгия мен Албания премьерлері, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Африка, Гана, Франция үкіметтерінің өкілдері, ірі трансұлттық концерндер мен банктер төрағалары қатысты.
Бірқатар сарапшы Берлин конференцияcы Давостағы бүкіләлемдік экономикалық форумға бәсеке бола алмаса да, соны толықтыратын жаңа маңызды алаңға айналатынына сенімді.
Ал әлемдік БАҚ Қазақстан Президентінің Ресейге қарсы санкциялық режимге қатысты пікіріне назар аударып отыр. «Неміс толқыны» басылымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін «Берлиндегі ең маңызды мәлімдемесі» деп бағалаған. Германия билігі Қазақстан арқылы Ресейге санкциялық тауарлар өтіп кетуі мүмкін деп алаңдаушылығын жеткізген еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Олаф Шольцке былай жауап береді: «Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын нақты айтты. Біз санкциялық режимді сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз және неміс тарапының санкциялық режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал әрекеттерге қатысты қандай да бір күдігі болмауы тиіс деп ойлаймын».
Бұл мәлімдемеге теріскейдегі көршіміз де назар аударып, кейбір ресейлік БАҚ пен саясаткерлер «Қазақстан Ресеймен ынтымақтастықтан алшақтап, Батыспен жақын байланыс орнатып жатыр» деп қабылдаған екен. Осыған байланысты Берлинде «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Мұндай айыптауға не айтар едіңіз?» деп сұрайды. Мемлекет басшысының жауабы мынадай болды:
«Қазақстан әлемде ең ұзын шекара біріктіріп отырған Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық бағытын берік ұстанады. Сол баспасөз мәслихатында айтқанымдай, бізде әртүрлі салаларда, соның ішінде сауда және гуманитарлық байланыстардағы ынтымақтастықтың бұрыннан қалыптасқан өз дәстүрі бар.
Ал, санкцияларға келер болсақ, БҰҰ Бас Ассамблеясының жақында өткен сессиясында және басқа да сөйлеген сөзімде санкциялық текетірес жаһандық дағдарыстың шиеленісуі жағдайына әкелетінін айттым. Осы ретте Қазақстанда санкциялық шектеулерге жататын тауарлар жоқ екенін атап өткім келеді.
Сондай-ақ Қазақстан Ресейге параллель импортқа қатыспайды. Өткен жылы екі ел арасындағы дәстүрлі тауарлар саудасының көлемі 25 млрд долларға жетті. Бұл айтарлықтай өсімді білдіреді».
Дегенмен, Президент Қазақстанның санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүр екенін, сондықтан бұл мәселе бойынша тиісті халықаралық ұйымдармен байланысты жалғастыра беретінін жеткізді. Ал дипломаттарды Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік туралы келіссөздер үшін өзара қолайлы негіз табуға үндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, барлық тарапқа диалог қажет-ақ… Берлинде өткен алғашқы жаһандық диалог форумы және Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесулері жайлы Асима Нұрбайқызы баяндасын.
Олаф Шольц. Германия Федералдық Канцлері. Берлин билігі үшін саясатта салмағы басым тұлға. Мемлекеттік мәселелерді шешетін де, саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын да осы канцлер. Қасым-Жомарт Тоқаевты өзі бірінші қарсы алды.
Президенттің Берлиндегі екі күндік сапары өте тығыз болды. Канцлермен кездесті. Ел Президентімен келіссөз жүргізді, Berlin Global Dialogue форумына қатысты. Неміс компанияларының басшыларымен жеке жеке жолықты. Іскер топтардың дөңгелек үстеліне де уақыт тапты.
Қазақстан нарығы неміс бизнесмендеріне таңсық емес. Елімізде мыңнан аса бірлескен кәсіпорын бар. Қазір де бірнеше жоба қолға алынып жатыр.
Вольфганг Кропп, кәсіпкер /Германия/:
Маңғыстау облысында жұмысын бастаған экологиялық таза сутегін өндіру кәсіпорны жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Үкіметтің қолдауы зор. Бұған дейін жасыл сутегін көп көлемде өндіруді ғана ойласақ, қазір оны өндірісте пайдалану мәселелерін шешіп жатырмыз. Бұл жергілікті кәсіпорындарға таза өнім өндіруге және сол тауарларын экспортқа салықсыз шығаруға мүмкіндік береді.
Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Біздің саламыз бойынша үш келісімге қол қойылды. Бірінші қаржы тарту бойынша және сақтандыру бойынша. Екінші полиэтиленнен басқа да газ кешендерін дамыту. Үшіншісі бұл сивенс компаниясымен біздің мұнай газ кен орындарды цифрландыру бойынша компаниямен қол қойдық.
Сауда-саттықтың жаңа жолдары Еуропа елдері үшін ауадай қажет. Ал Қазақстан – Шығыс пен Батысты жалғайтын алтын көпір. Осы мүмкіндікті мейлінше пайдаланатын сәт.
Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
Жаңа салаларды да талқылап жатырмыз. Соның ішінде логистика саласы. КТЖ компаниясы германиялық компаниямен жаңа жобаларды қарастырмақ. Және сонымен қатар неміс теміржолдары компаниясымен бірігіп жобаларды қарамақ. Мұның бәрі көп айтып жүрген Орта Дәлізді дамыту.
Атақты мерседес маркалы автокөліктерге қажетті кейбір бөлшектер болашақта біздің елде шығарылуы мүмкін. Президент Berlin Global Dialogue форумында экономиканы әртараптандыру саясатын түсіндірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр.
Қазақстанда бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Құны 46 триллион доллардан асады деседі. Демек, алда ауқымды жұмыс тұр. Мұны Германия тарапымен бірлесіп іске асыруға болады. Президент Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстелінде өзара ынтымақтастықтың перспективасын осы бағытпен байланыстырды. Жалпы, геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жетті. Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция құйды. Оның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Қазақстан енді Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен Канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын.
Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналу міндетін қойып отыр. Осы мақсатта сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Бұған Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін. ІТ технология саласында да байланысты бекітуге болады. Президент Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Германиямен байланыс Орталық Азия елдері аясында да артады. Аймақтағы бестік соңғы кездері әлемдік саяси сахнада жиі бой көрсетіп жүр. С5+1 форматы әуелі Ресей, кейін ЕуроОдақ, одан соң Қытай, жақында Америкада байланысты күшейткен еді. Енді кәрі құрлықтың жекелеген мемлекеттері қызығушылық таныта бастады. Германиямен де осы форматта жолықты.
Жаһандық жылыну. Климаттың өзгеруі. Бұл мәселелер күн тәртібінде күйіп тұр. Салдары дүние жүзіне ортақ. Су тапшылығы жыл өткен сайын өткір сезіле бастады. Әсіресе Орталық Азияда ахуал күрделі. Мұздықтардың еруі, экологиялық апатпен күресуде бірігу керек. Ал Германияның бұл мәселені шешудегі тәжірибесі аймақ үшін маңызды. Президент осыған мән берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Германия экономикасы Шығыс комитетінің мүшелерімен кездесуінде неміс тарапын қайта өңдеу ісін бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Аймақта тыныштық болмаса экономиканы дамыту мүмкін емес. Бірде бір инвестор келмейді. Сондықтан қауіпсіздік проблемасы тысқары қалған жоқ. Осы тұста Мемлекет басшысы санкциялық текетірестерді айыптады.
Орталық Азия – Германия отырысынан шыққан делегация мүшелері жаңа форматтан үлкен үмітте екендерін айтты.
Клаус Мангольд, Германия экономикасы шығыс комитетінің төралқа мүшесі:
Кездесу өте жақсы өтті. Бес Президенттің түгелі қатысқаны шешуші рөл атқарды. Олар өз елдерінің мүмкіндіктерін ұсынды және біз неміс кәсіпкерлері ретінде қай салада, қандай бағытта жұмыс істей алатынымызды айттық. Бүгінгі жиынның нәтижесін көп ұзамай бірге көретін боламыз. Себебі, тиімді келіссөздер жүрді.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Сонымен қазақ неміс қатынасында жаңа термин пайда болды. «Неміс сапасымен Қазақстанда жасалған». Ендігі байланыс осы формулаға сүйенуі тиіс. Демек, әлемге сапасымен әйгілі немістің ірі компаниялары көп ұзамай қазақ нарығына келуі мүмкін. Сапардың да түпкі мақсаты осы.
Асима Нұрбайқызы