Президент «C5+Германия» отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «C5+Германия» отырысына қатысты

29.09.2023

Қауіпсіздік. Ресей мен Украина қақтығысы. Ауғанстан ахуалы. Бүгін Орталық Азия бестігі мен Германия тарапы осы мәселелерді «C5+Германия» диалогының отырысында талқылады. Тараптар елдер арасындағы ынтымақтастықтың тетіктерін қарастырды. Сонымен қатар аймақ елдерінің басшылары Германия экономикасы Шығыс комитетінің мүшелерімен кездесті. Кәрі құрлықтағы Германия мен Орталық Азия тағы қандай мәселелерді қаузады?

Орталық Азия бестігі. Соңғы бір жылда әлемдік саяси сахнада жиі бой көрсетіп жүр. С5+1 форматы әуелі Ресей, кейін ЕуроОдақ, одан соң Қытай, жақында Америкада байланысты күшейткен еді. Енді кәрі құрлықтың жекелеген мемлекеттері қызығушылық таныта бастады. Бұл жолы - Германия.

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз, Тәжікстан, Түркіменстан. Аймақтағы бес мемлекет әлемдік және аймақтық державалардың жіті назарында.

Өйткені Орталық Азия елдері логистикалық мүмкіндігі, агроөнеркәсіптік өнімдерімен тартымды. Германияның аймақтағы елдермен алыс берісінің 83 пайызы біздің елге тиесілі. Ал ТМД елдері арасында сауда көлемі бойынша екінші орында. Десе де, аймақтағы әр мемлекет үшін Германия маңызды серіктес. Көп салада тәжірибесі мол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті: Біздің аймақ – Еуразия кеңістігін байланыстырушы бірегей стратегиялық орталық. Негізгі сауда-экономикалық дәліздер елдеріміздің аумағы арқылы өтеді. Қазақстанда мол пайдалы қазбалар қоры бар. Мұның бәрі Германиямен және жалпы Еуропа Одағымен сауда-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға кең жол ашады.

Қасым Жомарт Тоқаев жиында ықпалдастықты арттырудың негізгі бағыттарын ұсынды. Алдымен, сауда экономикалық қатынасты жандандыру. Көлік транзит дәліздерін дамыту міндеті де тұр. Ал Берлин билігі үшін қазір энергетика мәселесі өзекті.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Биыл Германияға 500 мың тонна мұнай жөнелттік. Жыл аяғына дейін тағы 400 мың тонна жібереміз. Олар 2 млн тоннаға дейін алуға дайын. Қазақстан үшін бұл үлкен көлем емес. Сондықтан осы салада ынтымақтастық артады.

Жаһандық жылыну. Климаттың өзгеруі. Күн тәртібінде күйіп тұр. Өйткені, салдары жаһанға ортақ. Су тапшылығы жыл өткен сайын өткір сезіле бастады. Әсіресе Орталық Азияда ахуал күрделі. Мұздықтардың еруі, экологиялық апатпен күресуде бірігу керек. Өйткені, проблеманы жекелеген елдер өз бетінше шеше алмайды. Ал Германияның бұл мәселені шешудегі тәжірибесі аймақ үшін маңызды. Президент осыған мән берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Германия экономикасы Шығыс комитетінің мүшелерімен кездесуінде неміс тарапын қайта өңдеу ісін бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз маңызды шикізат тауарлары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Бүгінде сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс ұсыныстан едәуір көп. Мемлекеттердің болашақтағы технологиялық дамуы осы үрдісті күшейте түседі. Қазақстан Орталық Азияның басқа мемлекеттері сияқты, Еуропа Одағына қажетті аса маңызды металдар мен минералдардың орасан зор қорына ие. Оларды бірлесіп өндіруде ғана емес, қайта өңдеу ісінде де бұл бағыттың перспективасы зор.

Қауіпсіздік туралы қозғалғанда Германия Президенті Украинадағы дағдарыс Еуропа мен Орталық Азия аймағының қауіпсіздігіне әсер етеді деген пікір айтты. Тоқаев бейбіт шешімдерге салиқалы дипломатия қажет екенін тағы айтты. Мемлекет басшысы тараптар нақты келіссөздерге кірісуі керек екеніне назар аударды. Сондай-ақ, Аймақ елдері мен Германия арасында мәдени гуманитарлық байланыстарды кеңейту міндеті де тұр. Ғылым, білім салаларында бірлескен жобалар жүзеге асады. Жиыннан шыққан делегация мүшелері жаңа форматтан үлкен үмітте екендерін айтты.

Клаус Мангольд, Германия экономикасы шығыс комитетінің төралқа мүшесі:

Кездесу өте жақсы өтті. Бес президенттің түгелі қатысқаны шешуші рөл атқарды. Олар өз елдерінің мүмкіндіктерін ұсынды және біз неміс кәсіпкерлері ретінде қай салада, қандай бағытта жұмыс істей алатынымызды айттық. Бүгінгі жиынның нәтижесін көп ұзамай бірге көретін боламыз. Себебі, тиімді келіссөздер жүрді.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Жаңа формат. Жаңа диалог. Орталық Азия мен Германия басшыларының бұл алғашқы кездесуі. Сондықтан қаралған, қаузалған мәселе көп. Бұл жиында ортақ міндеттерді тараптар айқындап алды. Германия аймақтағы бестікпен байланысты бекітуге бейіл екенін аңғартты. Ал Қасым Жомарт Тоқаев аймақаралық қатынасты жандандыруға Қазақстан дайын екенін жеткізді.


Хабарламаларға жазылу