Атырауда механикалық тазарту қондырғыларының өнімділігі 2 есеге артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда механикалық тазарту қондырғыларының өнімділігі 2 есеге артады

29.09.2023

Атырау мұнай өңдеу зауытында экологиялық жобалар қарқын алды. Қазір табиғатқа кері әсерін тигізіп тұрған ластаушы көздер жойылып жатыр. Өндіріс аумағындағы құрылысты тәуелсіз сарапшылардан құрылған қоғамдық кеңес мүшелері қадағалайды. 

Экологиялық жобаның аясында мұнай қалдығы жиналған 5 ашық бассейн жойылды. Апат кезінде іске қосылатын тоғанның беті жабылды. Булану алаңы саналатын 860 гектар аумақтың тең жартысынан көбіне рекультивация жасалды. Қазір өндірістік секторда «Механикалық тазарту қондырғыларын қайта құру» жобасының екінші кезеңі жүзеге асып жатыр.

Жандос Темірғали, тілші:

Механикалық тазарту қондырғысы іске қосылғаннан кейін, өндірістен шыққан техникалық судың бір бөлігі пайдалануға беріледі. Және Жайықтан алынатын су 9 пайызға азаяды.

Кәсіпорында қосымша резервуарлар мен насостық станциялар салынып жатыр. Сүзгілер жаңғыртылады. Жоба нәтижесінде механикалық тазарту қондырғыларының өнімділігі 2 есеге артпақ.

Нұрлан Ещанов, Атырау Мұнай өңдеу зауытының қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:


Бұрынғы технология бойынша, құрылғылардың көбі ашық болды. Атмосфераға көп зиянды бөлшектер бөлінетін еді. Солардың барлығын біздер қазір жабық құрылғыларға ауыстырып жатырмыз.

Экологиялық кеңес мүшелері зауыттағы барлық технологиялық процестерді зерделейді. Тәуелсіз сарапшылар әлде де өндірістік тәуекелдерді объективті талдауды ұсынды.

Салтанат Рахымова, қоғамдық экологиялық кеңес мүшесі:

Бұған осы кезге дейін зауыттың жұмысына үнемі сын айтып жүретін бірқатар журналистер, қала тұрғындары кіргізілді. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың көпшілігі сол экологиялық кеңестің ұсынысының негізінде жүзеге асып жатыр.

Зауыттың жұмысында іркіліс болмауы тиіс. Сол үшін кәсіпорында газтурбиналы электр станциясын салу жоспарланған. Қазір инвесторлар анықталып жатыр. Сәтті жүзеге асса электр тапшылығы жойылып, апатты жағдайдағы өшулер болмайды.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу