Елордада халықтың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған семинар өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада халықтың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған семинар өтті

28.09.2023

Елордада Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, халықтың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған қызметті жүзеге асыратын ақпараттық-түсіндіру тобының семинары өтті. Жиын аталған топтың біліктілігін арттыруға арналған. Әлеуметтік желілердегі жасырын қауіптер, жастарды деструктивті діни ұйымдардың қызметіне тартудың алдын алу жайы да көтерілді.

Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқарма мамандары ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған біліктілікті арттыру семинарын жылына екі рет өткізеді. Себебі олар тәжірибе жинаған сайын жұмыс жүйелене түседі дейді мамандар. Бұл жиында да теріс ағымдарға қарсы күрестің түрлі тәсілі талқыланып, алдағы жоспар пысықталды.

Нұрдәулет Әлмұханов, қалалық Дін істер жөніндегі басқармасының басшысы:

Мамандарды түсіндірме жұмыстарын жүргізбес бұрын жыл сайын семинар өткіземіз. Оларды қайта даярлау курсынан өткіземіз. Бұл жиынға Республикамыздан білікті дінтанушылар, профессорлар келіп қандай заңнамаға сүйене отырып жұмыс жүргізу керек сонеың бәрін түсіндіреді.

Астана қаласы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы осыдан 10 жыл бұрын құрылған. Бүгінде оның құрамында дінтанушылар мен теологтардан басқа арнайы мамандарда бар. Олар университеттер мен мемлекеттік мекемелерге барып теріс ағымдардың белгілерін және оларға қосылудың салдарын түсіндіреді.

Әдия Романова, қалалық дін істері жөніндегі басқармасының бас маманы:

Бүгінгі таңда Үкіметтің жарғысымен жаңа кешенді жоспар құрылды, бекітілді. 2023-2025 жылдарға арналған. ҚР аумағында діни экстремизм мен терраризмді алдын алуға бағытталған кешенді жоспар деп аталады. Осы жоспар аясында жұмыстар жүргізілетін болады.

Бүгінде ақпарттық-түсіндіру тобының қызметіне өз қалауымен жүгінетіндердің саны артқан. Тіпті өзге облыстың мамандары да кәсіби қажеттілігін шыңдау мақсатында арнайы келетін көрінеді. Ал Елордалық қызметкерлер алдағы уақытта БАӘ барып, тәжірибе алмаспақ. Ондағы Әл-Хидая орталығымен қазір Дін істер басқармасының арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ботакөз Советқызы

Хабарламаларға жазылу