Қарағанды облысында ауыл шаруашылығында 6 жоба жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығында 6 жоба жүзеге асады

28.09.2023

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 процентке жеткізуді тапсырды. Осы ретте Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында келесі жылы 6 бірдей жоба жүзеге асқалы отыр. Қазірдің өзінде алақандай ауылда сәтті жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар бар.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 процентке жеткізуді тапсырды. Осы ретте Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында келесі жылы 6 бірдей жоба жүзеге асқалы отыр. Қазірдің өзінде алақандай ауылда сәтті жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар бар. 

Егіндібұлақ ауылында ашылған мына шағын ғана цехтың өнімін қазір облыс жұрты іздеп жүріп алады. Себебі тағамдары еш қоспасыз, таза еттен жасалған. Кәсіпорында 5 цех жұмыс істеп тұр, 30 жуық адам еңбек етеді. Олар бір ауысымда тұшпара, шұжық секілді 1 тонна дайын өнім шығарады.

Елдос Рысқұлбеков, цех басшысы:

Өнім бұрын аудан көлемінде ғана болса, кейінен облыс көлемінде, қазіргі таңда көршілес Ұлытау облысына да шығарылып жатыр. Шикізатты әлі сатып алудамыз. Қазір жеке шаруа қожалығын ашып, жұмыс жасаудамыз. Шикізат өзімізден болса 10-20 пайызға кішкене баға түседі.

Қарқаралы ауданында соңғы жылдары мал басы едәуір өскен. Қазір төрт түліктің саны 400 мыңнан асып жығылады. 839 шаруа қожалығы бар. Солардың біразы алдағы жылы ауқымды жобаларды жүзеге асырғалы отыр.

Айдын Қасымов, Қарқаралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Келесі жылы Угар ауылдық округінде Ақбұлақ Агро деген ауыл шаруашылық кооперативі сүт өңдеуді қолға алып, цех қоюды жоспарлап отыр. Сонымен қоса бізде ауданда биылғы жылы іске асырылатын инвестициялық жобамыз бар, ол Қарынши шаруа қожалығында 1500 бас қой етін өңдеу, 1500 бас мал бордақылау алаңын ашу.

Биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да 172 шаруа қожалығы 1 миллиард 200 миллион теңге несиеге сұраныс берген. Бүгінгі күні соның үштен бірі қаржыға қол жеткізіп, шаруаларын кеңейтіп жатыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу