Қарағандыда жарықтың жаппай сөнуіне байланысты тергеу жүргізіледі. Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті үшінші жылу энергия орталығында болған технологиялық бұзушылықты егжей-тегжейлі тексереді. Бүгін осы орталықта қысқа тұйықталу болған. Сондай-ақ 3 ЖЭО мен Топар ГРЭС байланыстыратын желілерінде тоқтың шамадан тыс жүктелуі салдарынан қос станцияда генерация төмендеген. Сол себепті қаланың бірқатар бөлігі су мен жарықсыз қалды, интернет байланысы үзілді. Полицейлер жол бойындағы қозғалысты реттеуге шықты. Жарық Бұқар жырау, Қарқаралы ауданында да болмай қалды. Қазір жағдай тұрақталды. Жарық беріліп, су айдайтын сорғылар қайта іске қосылды. Алайда, құбырлар жарылып кетпес үшін су қысымы жайлап көтеріледі.
Мұхтар Сүлейменов, «Қарағанды энергоорталық» ЖШС техникалық директоры:
Апат кезінде ЖЭО 220 кв-тық ішкі желі станциясында қауіпсіздік режимі іске қосылып негізгі қондырғы тоқтаған. Қазір оған қажетті тоқ берілді. Станция жұмысы қалыпқа келді. Жағдай толықтай бақылауда.
Руслан Нұрланұлы