Кенезесі кепкен өзен-көл... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кенезесі кепкен өзен-көл...

24.09.2023

Осы аптада тағы су мәселесіне тоқталуды жөн көрдік. Қостанай облысында соңғы жылдары тасқын екпіні кеміп, салдарынан су қоры азайып барады. Су қоймалары жартылай бос тұр, өзен-көлдер ортайып, балық қырылуы жиілеген.

Әсіресе облыстың оңтүстік бөлігіндегі, климаты шөлейт саналатын Жангелдин ауданында жағдай мүшкіл. Торғай және Ұлы Жыланшық өзенінің аяғындағы бұл өңірде су тапшы. Көлдері тартылып, шабындықтардың шаңы шығып жатыр. Жер азып, көк шалғын шығатын алқаптарды құрғақшылықтың кесірінен мал жемейтін қарақоға мен ащы шөп басқан.

Ал көктемгі тасқында там-тұмдап жететін онсыз да аз өзен суы сай-саланы жағалап, босқа ысырап болады. Енді себебіне келсек. Соңғы елу жылда шағын бөгесіндер салынғаны болмаса, арналарды бекітіп, шлюздер орнатып, суды реттеуге байланысты ешқандай ауқымды жоба жүзеге аспапты.

Халық уәкілетті орындардың осы мәселеге назар аударуын сұрап отыр. Өйткені жағдай жылдан-жылға күрделеніп барады. Кенезесі кепкен көлдердің орнын көріп, су тапшылығының зардабын тартқан жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап қайтқан тілшіміз Дәуренбек Әбдібектің репортажы.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Қап – қара боп ұйысып табанына қалың ащы шөп өскен мына атшаптырым аумақ - Ахмет ауылының дәл іргесіндегі Доңыз көлінің орны. Кезінде жағасында жасыл құрағы жайқалып, балығы тулап, құстары шулап жататын. Ұзақ жыл тасқын болмағандықтан суы бірте-бірте азайып, қазір табаны мүлде құрғап қалған.

Жаңабай Мұқанов, Ахмет ауылының тұрғыны:

Бұрын мына тұрған алқабымыз су боп тұратын. Шалғын боп тұратын малға. Мынау Доңызымыздың жан жағы қамыс құрақ болатын. Содан малға азық дайындайтын. Осы бір ара бүлінді де неше түрлі жыралар пайда болды. Су сан салалы жырамен кетеді. Мынаның суын тартып әкетеді.

Ұлы Жыланшықтың жағалауынан бой көтерген Ақкөл және Ахмет ауылдары Қостанай облысының оңтүстігіндегі ең шеткі нүктесі. Жангелдин ауданына қарайды. Әрі қарай Қызылорда облысымен шектеседі. Тұрғындар қазір мал азығына қажетті шөпті берісі 60 әрісі 100 шақырым қашықтан шауып тасиды. Ал ертеректе елді-мекендердің маңындағы құйқалы шабындықтарға сан жетпейтін еді.

Қожа Ерназаров, Ақкөл ауылының тұрғыны:

Алпысыншы жылдардың шамасынан айтайын. Ол кезде мынау осы маңайдың бәрі от болатын. Шабындықтарда су толып тұратн. Өзеннің арнасы толып тұратын. Көкпеңкөк болатын жер. Жалбыр, Мешіт деген жерлерде шөп өте көп еді. 5 отарға дейін жететін.

Ұлы Жыланшық келіп құятын балықты айдын - Ақкөлдің де жағдайы мәз емес. Судың тапшылығынан жағалауынан шегініп, таяз тартқасын жиі қырылып, балық қоры азайған. 10 жылдан астам уақыттан соң биыл ғана су мол келді дейді жергілікті тұрғындар. Алайда кенезесі кеуіп қалған көлді бәрібір толтыра алмапты. Балықшылық - шалғайдағы жұрттың төрт түлік өсіруден кейінгі жалғыз табысты кәсібі. Сондықтан көлді жалға алған кәсіпкерлер қолдан келгенше балықтың мүлде қырылып бітуіне жол бермеуге тырысады.

Нұрхан Бөрібаев, балықшы:

Қыста болды оттегі жетіпей айнала мотор қойдық он жерден. Қамыс қойдық. Біраз жұмыс атқарылды. Сөйтіп әйтеуір тірі қалды. Өлгені де болды енді.

Қостанайлық су саласының ардагері Ғайыпназар Қойшы Торғай өңіріндегі жағдаймен жақсы таныс. Бұл өңірдегі су тапшылығының бірінші себебі климаттың өзгеруінен дейді ол. Алайда аз суды үнемді пайдаланбау да жағдайды ушықтырып тұр.

Ғайыпназар Қойшы, су шаруашылығы саласының ардагері:

Қазір Амангелдіге су келді деп естисің, ал Торғайға бір айдан кейін келеді. Өйткені жолдағы сай саланың бәрін толтырып 150 шақырым жерге жеткенше 1 ай өтеді. Амангелді мен Торғайдың арасында 164 млн текшеметр су жоғалады. Қайда кетеді? Оны ешкім білмейді.

Ардагер маман мұндай ысырапқа жол бермеу үшін өзен бойынан реттегіш шлюздер салу қажет дейді. Сонда суды құбырмен ағызғандай тек қажетті жеріне тиісті мөлшерде ғана жіберіп, үлкен үнем жасауға болады. Кезінде өзі Ақкөл мен Ахмет ауылының шабындықтарын қалпына келтіріп, көлді де ортайтпайтындай жоба жасап ұсыныпты.

Ғайыпназар Қойшы, су шаруашылығы саласының ардагері:

Ол жоба бойынша бірінші Көбен бөгетін алу керек. Екінші сатырлауық пен Ұзынсор арасына бөгет салу керек. Ақбастының бөгетін дұрыстау керек, Егінкөл деген жерге үлкен бөгет салу керек.

Ақсақалдың айтуынша сонда малға жайылым мен шабындық та болады, көл ортаймағасын балық шаруашылығы да өркендейді. Өкінішке қарай бұл жоба мемлекеттік мекемелер тарапынан қолдау таппай, жүзеге аспай қалған. Мемлекеттік мекеме демекші қазір Қостанай облысында өзен көлдердің жағдайын бақылап, зерттеп отырған бірде бір құзырлы орын жоқ. Тобыл Торғай өңірінде мұндай зерттеу жұмыстары соңғы рет 1955-56 жылдары жүргізілген. Ал Президент жолдауында айтылғандай «Көктемгі қарғын суды жинау, оны құмға сіңіріп босқа ысырап етпеу» үшін де әзір облыста нақты қолға алынып жатқан жоспар -жоба жоқ.

Зейнегүл Ахметов, Тобыл-Торғай су бассейні инспекциясының бөлім басшысы:

Бүгінгі таңда бұл сұраққа бізде ешқандай ақпарат жоқ. Әлі үлгерген жоқпыз. Министрлік құрылғанына 1-2 апта ғана болды. Бізде қазір ешқандай мәлімет жоқ.

Облыстық инспекцияның аудандарда бөлімдері жоқ, құзіреті де шектеулі. Негізінен тек бақылаумен айналысады. Сайып келгенде дала кезіп аққан өзен суына нақты бірде бір мекеме иешілік етпейді. Су саласы жергілікті әкімдіктер, ауылшаруашылығы, табиғи ресурстарды пайдалану басқармасы, инспекция сынды бірнеше құрылымның арасында көкпарға түскен лақтай боп тұр. Қалың бұқара енді жаңадан құрылған министрлік берекесі қашып тұралаған жұмысты бір ретке келтірер деп үміттенеді. Үмітсіз – шайтан деген.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу