Салық саясаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салық саясаты

24.09.2023

Министрлік көрші мемлекеттерде қосымша құн салығының жоғары екенін алға тартады. Мәселен, Ресейде – 15, Беларусьте – 20%. Бірақ, экономистер басқа да дамушы елдерге қарау керегін айтады. Мысалы, Өзбекстан – 12%, Қытайда – 13%, Оңтүстік Кореяда - 10%, БАӘ мен Канадада – 5%.

Салық кодексінің жобасы 2024 жылдың бірінші тоқсанында Парламент қарауына жіберілмек. Ұлттық экономика министрлігі консультативтік құжатты қазір «Ашық үкімет» порталына жариялаған. Онда салық түрлеріне қатысты бірнеше ұсыныстар қоғам талқысына түспек.

Солардың бірі көлік салығына қатысты. Яғни, қозғалтқыш көлемі 4 литрге дейінгі автокөліктер үшін енді көлік салығы болмауы мүмкін. Бірақ, оның орнына бензиннің акцизі 14 теңгеге қымбаттамақ. Сонда мұның қандай тиімділігі бар? Осы арқылы бензин бағасын көтеру көзделіп отырған жоқ па?

Өйткені, 2026 жылы Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Беларус бірыңғай жанармай нарығына кіреді. Сол кезде бензин қаншалықты қымбаттауы мүмкін? Аманкелді Сейтханның зерттеуі.

Көлік салығына қатысты өзгеріс бір аптадан бері көптің талқысында. Ұлттық экономика министлігі мәселені жан-жақты саралағандарын айтты. Олардың ойынша бюджетке түсетін көлік салығын бензин акцизі арқылы өндіру тиімді болмақ.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Бұл жерде мұқият қарайтын жағдай көлік салығын қозғалтқыш көлемі 4 немесе 3,5 литр болатын көліктерден алып тастауды көздеп отырмыз. Мысалы, қазынаға көлік салығы арқылы жылына 80 миллард теңге түседі. Ал, шамамен 5 миллион тонна мұнай өнімдерін пайдаланамыз. Егер біз салықты бензин акцизіне ауыстырсақ, салықты өндіру үшін жанармайды 14 теңге қымбаттату керек.

Дәл осы 14 теңгеге байланысты көлік тізгіндегендердің пікірі әр түрлі. Біреулері салық осылай өтелгені жөн десе, енді бірі өзгеріс қалтамызды қағуы мүмкін,-дейді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Қарапайым есеп жүргізіп көрсек. Мысалы, бұл қозғалтқыш көлемі 1,6 болатын автокөлік. Жылына шамамен 30 мың шақырым жүреді делік. 100 шақырымға 9 литр бензин тұтынса, бір жылда 2 тонна 700 литр. Ал, АИ-92 нің қазіргі бағасы 205 теңге. Яғни жалпы 550 мың теңге бензинге кетеді. Ал, жанармай 14 теңгеге қымбаттаса, жалпы сома 590 мыңнан асады. Яғни, шығын шамамен 40 мыңға көбейеді. Ал, қазір мұның салығы 11 000 теңге. Сонда бұл кімге тиімді?

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Егер де көлік салығын алып тастайын болсақ, автоматты түрде жанар-жағармайдың бағасы қымбаттайды. Ол өз кезегінде азық-түлік инфляцияының жоғарылап кетуіне алып келуі мүмкін.

Асылбек Жакиев, Мұнай-газ саласының сарапшысы:

Көптеген қазақтың автожүргізушілері аудандарда тұрады мысалы. 30-40 шақырым. Олар қалай? Олар әрине қосымша тағы шығын болады.

Талғат Мақуов, ҚР Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары:

Салықтар бюджетке көбеймей ме? Бюджетке жасайтын қызметшілер үшін және мұғалім, дәрігерлер үшін көмек болмай ма?

Сарапшылар ойы да сан қилы. Бірақ, негізгі сұрақ неге бірден 14 теңге? Есеп қалай жасалды? Жалпы, көлік салығын жою үшін бензинді қымбаттату міндет пе?

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Қазір біз қосымша ұсыныстар қабылдап жатырмыз. Негізі, бензин акцизін көтеру мен салықты жоюдың бір-біріне тікелей қатысы жоқ. Акциз онсызда жыл сайын 15-20 теңгеге көтеріліп отырады. Ал, 2024-2025 жылдары бензин бағасы тағы да артуы мүмкін.

Министрдің нені меңзегені енді түсінікті болғандай. Өйткені, 2026 жылы Қазақстан, Ресей, Беларус пен Қырғызстан бірыңғай жанармай нарығына кіреді.

Асылбек Жакиев, мұнай-газ саласының сарапшысы:

Сол 26 жылдан бастап баға Ресей бағасына сәйкес болады. Жалпы, 30-40 пайызға өседі. Екіншіден жанармайдың сұранысы да өсіп жатыр. Жыл сайын 80 мыңға дейін жағармайды біз Ресейден импорттаймыз.

Қазақстанда да бензин бағасы жыл сайын өсіп келеді. Соңғы рет биыл сәуірде 15-20 пайызға қымбаттаған. Неге десеңіз...

Талғат Мақуов, ҚР Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары:

Басқа елдермен салыстырғанда мұнай өнімдеріміздің бағасы 1,5-2 есеге арзан. Сұр экспорт пен заңсыз ағымдар басқа елдерге көбейіп кетті.

Ішкі нарықты қамту үшін бензин бағссының көрші елдермен бір деңгейде болуы маңызды,-дейді мамна. Ал, салық мәселесіне қайта оралсақ, ресми дерек бойынша елде 3 млн 900 мың жеңіл көлік бар. Олардың 7 пайызының қозғалтқыш көлемі 4 литрден асады. Қазіргі кодекске сәйкес олар жылына 400 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін салық төлейді. Яғни, көлік салығы өз шығындарынан онсыз да көп. Ал, жаңа өзгеріс арқылы үлкен көлік құралдарына жүктемені азайтып, шағын көліктердің санын арттыру көзделіп отыр. Бірақ, мәселенің тағы бір түйткілді тұсы бар,-дейді экономист.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Әлемнің дамыған мемлекеттерінде бұл тиімді қолданылып жатыр. АҚШ-та мысалы көлік салығы деген түсінік жоқ. Олар әрбір литрдің бағасында жаңағы көлік салығының ставкасы тұр деп айтуға болады. Бізде осы тәжірибені өзімізге қолданатын болсақ, бірінші ұтылатынымыз не? Ол мына қазіргі өңірлердің дербес қылудың, ауылдың бюджетіне қалыптастырудың бір тетігінің айырылып қалудың мүмкіндігінде тұрмыз.

Көлік салығына қатысты өзгеріс қашан қолданысқа енері белгісіз. Тіпті, енгізілмеуі де мүмкін. Өйткені, құжат қоғам талқылсында. Ал, соңғы мәлімет бойынша, қазақстандықтардың көлік салығы бойынша қарызы 22 млрд теңгеден асып кеткен. Демек, мәселені реттеудің бір тетігі керек-ақ. Бірақ, ол қарызды қалай да күшпен төлетудің жолы емес, көлік тізгіндегендер салықты уақытылы, шын еркімен беретіндей тиімді жол болса.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу