Батыс пен бестік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс пен бестік

24.09.2023

«Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал. Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді».

Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең биік халықаралық мінбер саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебаттағы сөзінен үзінді.

Мемлекет басшысы адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді. Әрі Бас Ассамблеяға жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты екенін айтты.

Әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатқанын алға тартқан Президент тараптарды БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтық нормалардың негізінде дипломатиялық жолмен ымыраласуға шақырды.

Осы орайда «Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды. Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек. Сондықтан біз қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салуымыз қажет»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Бас Ассамблеяның кезекті сессиясы аясында Қазақстан Президенті Орталық Азия аймағындағы әріптестерімен бірге АҚШ Президентімен алғаш рет бір алаңда бас қосуы биылғы негізгі ерекшелік болды. Өйткені Саммит бұған дейін Сыртқы істер министрлері деңгейінде ғана өтіп келген.

Саясаттанушылар мен журналистер қауымы «Орталық Азия – АҚШ» саммитінде резонансты мәлімдемелер айтылады-ау деп тағатсыздана күткен еді. Алайда жиын жария түрде өтпеді. Президенттер қандай мәселелер талқылағанын Баспасөз қызметтері де жалпылама мәліметпен ғана сипаттаған.

Мәселен, Ақорда таратқан ақпаратта «Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды» делінген.

Сондай-ақ Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын Алматы қаласында ашу ісін АҚШ тарапының қолдайтынына сенім білдіргені жазылған.

Ал Ақ үй сайтында жарияланған Джо Байденнің қорытынды сөзінен келесі саммит Орталық Азияда өтуі мүмкін екенін білдік. «Сіздердің елдеріңіздің бірінде өтуі ықтимал келесі кездесуімізді асыға күтемін» деген АҚШ Президенті. Егер, расында, ендігі саммит біздің аймақта өтсе, ол – тарихи оқиға болмақ.

Себебі Американың ең жоғары лауазымды тұлғасы Орталық Азияға бұрын-соңды сапарлап көрмеген. Әлеуметтік желіде «Байден Астанаға келе ме, әлде Ташкентке бара ма» деп ортаға сауал тастап жатқандар да бар.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен С5+1 Саммитін тілшіміз Данияр Қайыртай сарапшылардың көмегімен талдап көрді.

Халықаралық дауларды шешу үшін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасау қажет, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяның сессиясында. Әрі онда «орта державалардың» үні анық естілетініне сенім білдіретінін айтты.

Мемлекет басшысы мұндай бастаманы үш ай бұрын өткен Астана Халықаралық форумында алғаш рет көтерген.

Бірақ бұл жолы Қазақстан да сол «орта держава» санатына жататынын және Кеңеске кіруге мүдделі екенін ашық мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қауіпсіздік Кеңесінде «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Әйтпесе, бұл Кеңес тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек.

Сарапшы Риззат Елубаев Кеңеске мүше болғысы келетін мемлекет көп дейді. Алайда елдер қандай принцип бойынша таңдалатыны, әзірге, даулы мәселе.

Риззат Елубаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Бұған дейін ұсынылған формат – әрбір аймақтан бір мемлекет деген секілді. Латын Америкасынан Бразилия, Еуропадан Германия қосылсын деген секілді. Бірақ бұндай шешім тағы қолдау таппай отыр.

Президент жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспарын түзуді ұсынды. Әрі Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды тездету қажет деді. Қазір әлемде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де өзекті. Осы орайда инфрақұрылымы мен логистикасы жүйеленген Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміз қазірдің өзінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызға жуығы өтетін сенімді бағыт саналады. «Орта дәліз» аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағдары Шығыс пен Батыстың өзара қатынастарын нығайта алады. Бұл бағдар маңызды нарықтар арасындағы сауда қарқынын ұлғайтып, теңіз жолымен жүк тасымалдауға кететін уақытты екі есе қысқартуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Орталық Азия халықаралық қауымдастықтың «біртұтас әрі дербес» бөлігі ретінде маңызды рөл атқаратынын айта келе, аймақ жаһандық процестерге өз үлесін қоса алатынын мәлімдеді.

Осы сөзіне дәлел бола алатын шығар, Бас Ассамблеяның сессиясы аясында аймақтағы бес елдің басшысы Құрама штаттардың президенті Джо Байденмен С5+1 форматында кездесті. Бірақ Саммит өтті екен деп, Америка Орталық Азиядағы рөлін едәуір нығайта түседі деуге ерте дейді сарапшылар.

Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:

Егер БҰҰ Бас Ассамблеясы болмай, АҚШ президентінің өзі жеке сапармен келіп немесе 5 мемлекетті арнайы шақырып АҚШ-қа, басқа ешкімсіз, БҰҰ аясында емес, кездесу өткізсе, онда американың назары ОА-ға тікелей ауды деп айтуға болатын еді. Бұл тікелей ауғанының көрсеткіші емес, тек Ресейдің әлсіреген тұсында сәл де болса ықпалын арттырып қалғысы келетін тәрізді.

Осы Саммиттің алдында америкалық Wall Street Journal «АҚШ-қа Орталық Азиядағы стратегиясын жаңарту керек» деген мақала жариялаған еді. Әйтсе де, С5+1 Саммитінің қорытындысына қарағанда, АҚШ дәл қазір жаңа құжат әзірлей қоймайтын сияқты.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:

2019-2025 жылдарға арналған ОА арналған стратегиясы бар. Сол стратегиямен ары қарай жалғастырады деген ойдамын. Себебі күрт жаңадан бір стратегия жасау қажеттілігі жоқ.

Ал тағы бір сарапшы Саммиттің логотипіндегі «плюс» белгісі шаңырақ түрінде бейнеленгеніне назар аударады. Ол – АҚШ тарапы геосаяси ахуалға байланысты Орталық Азияның дербестігін мойындай түскенін білдіреді дейді маман

Риззат Елубаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Екіншіден, америкалықтарда Орталық Азияға қатысты жаңа көзқарас пайда болды. Бұрын буферлік аймақ ретінде қарастыратын, ал енді пара-пар, тепе-тең аймақтардың бірі және серіктестердің бірі ретінде қарастырып отыр.

Құрама штаттар үшін аймақтағы қауіпсіздік мәселесі де маңызы.

Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ профессоры:

Өйткені Әлем аймақтарында тұрақтылық болуы АҚШ-тың осы аймақтардан көмірсутегін кідіріссіз тасымалдауына мүмкіндік береді. ОА-дағы тыныштықты сақтай отырып, көршілес Ауғанстандағы және Украинадағы жағдайды бақылауға мүмкіндік аламыз деген көзқарастар бар

Ал Орталық Азиядағы Қырғызстаннан басқа төрт ел мен АҚШ-тың сауда-саттық байланысына 1974 жылы қабылданған Джексон-Веник заңы кедергі болып келеді. Енді Америка аймақ елдерін осы заңмен шектеуді доғаруы мүмкін.

Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ профессоры:

Кейіннен оған бірнеше өзгерістер енді, бірақ Қазақстанға қатысты пунктері ешқандай өзгеріссіз қалды. Енді биылғы жылы 23 мамырда АҚШ конгресмендері ОА-мен оның ішінде Қазақстанмен сауда байланысын қайта қарау туралы мәселені күн тәртібіне қойды.

Ресми ақпаратта Ресейге қарсы салынған санкциялар мәселесі талқыланғаны туралы сөз жоқ. Десе де, сарапшылар, бұл тақырып қозғалмай қалмады деп болжайды. Ал аймақ елдері бұған қатысты осы күнге дейін ұстанып келген позициясынан айнымайтынын айтқан болуы ықтима .

Нуридден Сұлтанмұратов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы

Біз Батыс Ресейге салған санкцияларды сақтаймыз, бірақ өзіміз Ресейге санкция енгізбейміз. Яғни біз балансты ұстап отырмыз. Біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз бар, экономикалық, саяси, әскери тұрғыдан. Екінші жағынан, Батыс біз үшін маңызды, инвестиция, экономика, геосаясат жағынан біз Батыспен де байланыс жасап отыруымыз керек.

Данияр Қайыртай, тілші:

Кейінгі 2 жылдың көлемінде әлемдік саясат тақтасында Орталық Азияның тұтас аймақ ретінде позициясы күшейе бастағанға ұқсайды. Әсіресе, бар назары Украинаға ауған Ресейдің Орталық Азияға ықпалы әлсіреген тұста. Үлкен ойыншылар аймақ елдерімен С5+ форматында диалог орнатуды дәстүрге айналдырып үлгерді. Ықпалды күштердің саны қанша артса, аймақтың ұпайы сонша ұлғаяды. Яғни державалар арасында теңгерім орнайды. Соған қарамастан Орталық Азиядағы «бестік» әр жүрісін аңдап басуы керек. Өйткені геосаяси тақта шахмат ережесіне бағынбайды. Кез келген ойыншы жаңа партия бастап кетуі мүмкін...

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу