Түркістан облысында жекеменшік балабақшалар жабылудың аз-ақ алдында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жекеменшік балабақшалар жабылудың аз-ақ алдында тұр

22.09.2023

Түркістан облысында жекеменшік балақшалар қаржыдан қысылып, жабылудың аз-ақ алдында тұр. Мемлекеттік тапсырысты жазда жеңіп алдық деген тоқсанға жуық балабақшаның құрылтайшысы әлі күнге қаражатқа қол жеткізе алмаған. Өйткені арнайы комиссияның шешімін алғанымен, кәсіпкерлерге ақша аударылмаған. Салдарынан тәрбиешілер мен бала күтушілер жаппай жұмыстан кетіп, бүлдіршіндер қараусыз қалатын түрі бар.

Түркістан қаласындағы 200 бүлдіршін баратын жекеменшік балабақшаның тәрбиешілері мен өзге де қызметкерлері жаппай жұмыстан кету туралы арыз жазып жатыр. Себебі маусым айынан бері жалақы алмаған. Қарызымыз көбейіп кетті деген қызметкерлер күнкөрісіміз қиындап, басқа жақтан жұмыс іздеуге мәжбүрміз дейді.

Ұлжан Рәтбайқызы, логопед:

Айлық алмағанымызға үш ай болды. Мына қыздарымыздың барлығының несиесі бар, ата-енелері бар. Тіпті жолпұл таппай қаламыз кей кезде.

Айнұр Дәрібаева, тәрбиеші:

Барлық тәрбиешілер, жұмысшылар жұмыстан шығып жатырмыз. Шығайық десек, ата-аналар шықпаңыздар, сіздерге үйреніп қалдық, балаларымызды басқа бақшаға апармаймыз дейді. 

Қарызға батқан балабақша қожайыны болса жұмысшыларға жалақы беру үшін банктен 25 млн теңге кредит алған. Мемлекеттік тапсырыс аясында қаржы берілмесе, кәсібіміз құрдымға кететін болды деп алаңдайды.

Әсел Жанболатқызы,  балабақша құрылтайшысы:

Бірінші маусымнан бастап конкурс жариялаған хаттамасы шықты. Бірақ осы күнге дейін ақша төленген жоқ. Амал жоқ, несие алып беріп жатырмын. 

Мұндай қиындықты бұрыннан мемлекеттік тапсырыс алып отырған өзге де балабақшалар бастан өткеруде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап келгендер қызметкерлеріне жалақы төлей алмаған былай тұрсын, тамақ жеткізушілерге де, салыққа да қарыз болғанын айтады.

Салтанат Сабырқызы, балабақша құрылтайшысы:

Сұрап барсаң, жауап бермейді. Болады дейді, біресе атауы өзгерді дейді. Енді кеше коды жоқ, коды келмей жатыр дейді. Әйтеуір сылтауы көп.

Ал осы мәселеге жауапты облыстық білім басқармасының басшылығы биылғы жылға қосымша 5800 балаға тапсырыс беру үшін конкурс жарияланғанын растады. Бірақ екі ай көлемінде басқарманың атауы өзгеріп, комиссия шешімін тіркеу мен хаттама шығаруға біраз уақыт кетті деп отыр. Сондықтан әліптің артын бағып, әлі де күтуі керек.

Яғни мемлекеттік тапсырысқа қаржы аудару үшін әлі бір ай уақыт кетеді. Ал, оған дейін шығынын жаба алмаған балабақшалар жабылып қалуы бек мүмкін. Айнұр Әбілқасымқызы, Еркін Оразбаев «Қазақстан» ұлттық арнасы Түркістан облысынан



Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу