Алматы облысы Талғар аудандық ауруханасында пациенттің жақындарынан соққы алып, жансақтау бөліміне түскен дәрігер мен есінен танып қалған мейіргер жалпы палатаға ауыстырылды. Мамандар, қазір олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ дейді.
Дәрігерге бас миының ашық жарақаты, көптеген теріасты гематомасы, кеңірдектің жабық сынығы диагнозы қойылған. Ал мейіргер мидың жабық жарақатын алып, мұрыны сынған.
Исламбек Нұрмұқашев, Талғар аудандық орталық ауруханасы травматологиялық бекетінің аға дәрігері:
Біз алғаш келіп қараған кезде екі әріптесіміз ес-түссіз жағдайда жатқан. Қазіргі кезде жағдайлары бірқалыпты, травматология бөліміне ауыстырылды. Қазіргі кезде не мазалап жатыр, қандай шағымдары бар екенін сұрап, жіті бақылауға алдық. Бірақ әлі де Қатты бас ауруы, бас айналу сияқты симптомдар байқалады. Дәрігерлерге пациент туысқандары жағынан шабуылдар жиі болып тұрады.
Бұл оқиға сейсенбі күні болды. 64 жастағы ер адамды жақындары жүрек талмасымен ауруханаға көтеріп әкелген. Бірақ дәрігерлер науқасты аман алып қала алмады. Жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Суық хабарды естіген марқұмның ұлдары дәрігерлерге қол көтеріп, мәйітті алып кеткен. Ал дәрігерлер мүрдеге қатысты тиісті анықтама берілуі қажет еді деп отыр.
Қазір ағайынды екі жігіт уақытша ұстау изоляторында отыр. Тергеуге сай, сараптама дәрігерлер ауруханадан жазылып шыққанан кейін жүргізіледі. Ал жарақат алған мамандар кем дегенде әлі 7-10 күн ем қабылдайды екен.