Каспий теңізінің экологиясын жақсарту бойынша құрылған жұмыс тобының қызметі қайта жанданбақ. Бұл туралы Астраханда өткен екіжақты кездесу барысында мәлім болды. Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаевтың өңірге жұмыс сапары барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды.
Қазақстан - Астрахань облысының басты сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Өткен жылы сауда айналымы 50 пайызға артқан. Жалпы барлық салада ынтымақтастық жоғары. Алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру көзделуде.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
Біздің еліміз Астрахань облысына көп көңіл бөледі. Ол - біздің экономикамыздың дамуына да үлкен үлес қосатын облыс. Транзит, транслогистика салаларында үлкен приоритеттер бар. Туризм саласы, мәдениет саласында да үлкен-үлкен жобаларды іске асырамыз деп жатырмыз. Өйткені Астрахань арқылы транзитті өткізуге болады деп есептейміз.
Бүгінде Каспийдің экологиялық мәселелері өзекті. Теңіз таязданып барады. Бұл қоршаған ортаға ғана емес, жағалау аймағында орналасқан мемлекеттердің экономикасына да кері әсерін тигізеді. Екіжақты кездесуде бұл мәселе де назар тыс қалған жоқ.
Игорь Бабушкин, Астрахань облысының губернаторы:
Каспий теңізінің мәселесі тек Қазақстанды емес, жағалауда орналасқан мемлекеттерді де алаңдатып отыр. Сондықтан бірлескен жұмыс арқылы нәтижеге жетеміз деп ойлаймын. Сондай-ақ алдағы уақыттағы жоспарымыздың бірі – «Қараөзек» өткізу пунктінің алаңында Атырау облысымен бірлесіп шекарааралық сауда орталығын ұйымдастыру.
Білім беру саласында да әріптестік нығайып келеді. Дәурен Абаев Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің ректорымен, оқу орнында оқып жатқан қазақстандық студенттермен де кездесті. Жалпы бүгінгі күні өңірде 150 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады. Қандастармен басқосу барысында қазақ тілін оқыту, тарихи отанмен байланысты арттыру жағы сөз болды. Қазақстандық делегация күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының жерленген Астрахань қаласынан 60 шақырымдағы Алтынжар ауылына барып, «Құрманғазы» орталығының жұмысымен танысты.
Индира Бегайдар