Таразда жөндеу жұмысына жабылған №44-ші мектепте түнгі уақытта жарылыс болып, арты өртке ұласты. Жалпы саны 7 адам жапа шеккен. Қызыл жалыннан қашпақ болған қос құрылысшы терезеден секіріп кеткен. Үшінші қабаттан құлаған жас қыздар қазір ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайы ауыр екенін айтады.
Жалын жайпаған оқыс оқиға осы бөлмеде болған. Ал мына жартылай жанған журналдарға қарасақ бұл физика пәні өтетін сыныпқа ұқсайды. Өршіген өрттен қашқан қыздар терезелердің бірінің жанында тығылып тұрады. Бірақ бет қаратпас қызыл жалыннан қос құрылысшы секіріп кетеді.
Түнгі сағат 12-лер шамасында тұтанған қызыл жалын 40 шаршы метр сыныпты алып кетеді. Ал жұмысшылардың бірі еден сырлайтын құтының қақпағын ашқанда жарылыс болды дейді. Сол сәтте жанталасқан жеті адам жан-жаққа қаша жөнеледі. Ал терезе тұсында тұрып қалған 21 және 22 жастағы Гүлдана мен Таңшолпан сыртқа шыға алмай қалады. Тілсіз жау қолдарын қарып бара жатқан соң сыртқа қарай терезеден секіруге мәжбүр болған.
Қазір жағдайы ауыр екі науқаста жансақтау бөлімінде жатыр.
Сәкен Жұмашев, Тараз қалалық №1 аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
Қабырғалары сынған, омыртқалары сынған және бір аяғы сынған. Сондықтан қазір оны жылжытып Астанаға самолетке салып жіберуге болмайды. Сондықтан сол жақтың специалисттері келіп осында операция жасамақшы.
Ал ыстан уланған тағы екі адам терапия төсегіне таңылған. Тағы бір адам күйік бөлімінде. Қалғандары жеңіл жарақатпен үйлеріне жіберілген. Науқастардың жақындары «әкімдік тарапы мерзімінен кешіккен мектепті тезірек тапсырғысы келіп, жұмысшыларды асықтырғаннан осы оқиғаға тап болды» деп отыр.
Салима Нарымбетова, науқастың анасы:
Түнгі уақытта олардың жұмыс істегені дұрыс емес қой мысалы. Жұмыс деген күндізгі сағат 6-да. Әкімдік айтқан шығар енді мердігерге. Сен бітіруің керек мынанша күнде деп.
Қала әкімі мамандарды түнгі жұмысқа тарту тараптардың келісімімен болған дейді. Ал маусым айында басталған күрделі жөндеу жұмысы 6-шы қазанда аяқталуы тиіс болатын.
Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Басқа да көмектер қажет болатын болса, мердігер өз тарапынан сол мәселелердің барлығын шешуге дайын екенін маған айтты. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Басқа да көмектер қажет болатын болса, мердігер өз тарапынан сол мәселелердің барлығын шешуге дайын екенін маған айтты.
Қазір өрт оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тілсіз жаудың неден тұтанғаны сараптама жұмыстарынан кейін белгілі болмақ.
Данияр Әлімқұл