Шығыстағы Самар ауданында орта мектеп қысқа әлі дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыстағы Самар ауданында орта мектеп қысқа әлі дайын емес

19.09.2023

Шығыстағы Самар ауданы Маринагорка орта мектебі қысқа әлі дайын емес. Оқу ғимаратының бір бөлігіне орнатылған ескі қазандық қазір апаттық жағдайда тұр. Мектептің жылу жүйесін жаңалау туралы талай жылдан бері айтылып келеді. Алайда мәселе әзірше ауданнан аспай тұр. Ал былтыр ғана қайтадан құрылған Самар ауданында қазандықты жаңғыртуға қазынада қаржы болмаған.

Олжас Керейхан, тілші:

1977 жылы салынған бұл мектепке ұсақ-түйек болмаса, бүгінгі күнге дейін бірде-бір рет толық жөндеу жүргізілмеген. Тек осы жазда ғана бірінші қабаттың терезелері жаңаланды. Ал ереже бойынша кез-келген әлеуметтік нысанның отын сақтайтын, алыста қоймасы болу керек . Бұл оқу орнында ол болмағандықтан отынды мектептің ауласына мынадай тау төбе етіп үйіп қойған.

Үйілген көмір бірінші қабаттағы кабинеттердің терезесінің алдына дейін кептеліп тұр. Аула да астаң-кестең. От дұрыс жанбағандықтан мектептің сыртқы қасбеті түтінге әбден ысталған. Қазір ғимарат ыс пен күйеден көрінбейді.

Жылыту қазандығы ғимараттың бір бөлігіне салынған. Мектептің ошағын жағатын Талғат Қуанышевтың айтуынша жылу жүйесі әбден ескіргендіктен от жаққанда бүкіл ауланы қара түтін басады.

Талғат Қуанышев, жұмысшы:

Отты қолмен жағу ауыр. Ауа алмасатын терезе де жоқ. бір ғана желдеткіш бар. Мына қазандықтың есігі де жабылмайды. Тәулігіне 10-12 арба көмір жағылады.

Төтенше жағдай қызметкерлері қазандық жарамсыз, деген ұйғарым шығарған. Алайда мектепте басқа баламалы жылыту көзі болмағындықтан жылда қыс түссе ескі қазандықты қайта жағады. Жаңалау мәселесі талай рет айтылса да әзірге ауданнан аспай келеді.

Талғат Қасаев, мектеп директоры:

Мәслихатты тостық осы уақытқа дейін. Тамызда ақша берілмейді. Біз ойладық мұны шешсек деп биыл. Жаңадан қазандық ар жаққа салынады деп. Сол салынған жоқ.

Салынбайтынын облыстық білім басқармасының басшы да растады. Тек ескісін жөндеуге биыл 4 миллионнан аса теңге бөлініпті.

Иннеса Чернышева, облыстық білім басқармасының басшысы:

Құзырлы органдардың ұйғарамын орындауға міндеттіміз. Бізде жылыту маусымы қазанның он бесінде басталады. Оған дейін қазандықты жамаймыз. Ал келер жылы мектепке бөлек жылыту орталығын салу жоспарда бар.

Мал өсіріп, егін салып күнелтіп отырған шағын ауылдың тұрғындары үшін тек жайлы мектеп қана керек. Алайда салынғанына 46 жыл болған ғимараттың іші-сырты да тозып тұр. Ал ұстаздар қазандақтың қазанның он бесіне дейін іске қосылуын күтеді. Өйткені Алтайда ауа райы аяқ астынан бұзылады. 

Хабарламаларға жазылу