Белгиядағы ҚР Елшілігі ашық есік күнін өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгиядағы ҚР Елшілігі ашық есік күнін өткізді

19.09.2023

Қазақтың бай мәдениеті мен туристік әлеуеті Еуропадағы мұралар күнінде көпшілікке таныстырылды. Брюссельде осымен екінші рет ұйымдастырылған фестиваль аясында Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі ашық есік күндерін өткізді. Мақсат-елге көптеп турист тарту. Екі күнге созылған шара аясында Еуропалықтар Қазақстанның мүмкіндіктер елі екеніне куә болды.

Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің ғимараты Брюссельдегі ең көрікті ғимараттардың бірі. 19-ғасырда салынған тарихи жәдігерге сыртынан қызығып жүрген жұрт ашық есік күндерінің арқасында ішіне кіріп көруге мүмкіндік алды. Табалдырықты аттағаннан көпшілік киіз үйді, күбі, бесік, қазақтың ұлттық бұйымдарын көріп аң-таң. Домбыраның күмбірлеген үні де шетелдіктерді тәнті етті.

Еліміздің көрікті жерлерінен сыр шертетін фотокөрме, қазақ мемлекетінің XV-XIX ғасырлардағы көне еуропалық карталардағы галереясы көптің қызығушылығын туғызды. Ядродан азат қазақтың өткені мен бүгіні суреттер, деректі фильм арқылы еуропалықтардың назарына ұсынылды.

Русель Бернадетт, Брюссель қаласының тұрғыны:

Елдеріңіздің ядроға қарсы бастамасы құптарлық. Мен сынақтың зардабын тартқан тұрғындардың суреттерін көріп, жаным күйзелді. Мен де ядролық сынақтарға қарсымын. Бүгін елшілікке келіп, мәдениеттеріңізбен жақыннан таныстым. Енді елдеріңізге сапарлап, тауларыңызға шықсам деймін.

Джорджин Филли, ирландиялық турист:

Мен Қазақстан жайлы көп білмеуші едім, осы жерден мол мағұлмат алдым. Ұлттық бұйымдарыңыз, тағамдарыңыз ғажап. Ірімшіктеріңіз, қазақтың наны- бауырсақ қатты ұнады.

Ұлттық тағамдардан дәм татқан еуропалықтар қазақтың қонақжайлылығына тәнті болды. Қамзол, шапан киіп естелік суретке түскен шетелдіктердің ендігі көздегені - Ұлы дала еліне сапарлап, суреттердегі сұлулықты көзбен көру.


Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу