Шығыстағы ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыстағы ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

18.09.2023

Шығыстағы Самар ауданы Сарыбел ауылының малы мен жаны ауыз сусыз отыр. Қазір халық тіршілік нәрін орталық құдықтар орнатылған шұңқырдан алуға мәжбүр. Аңқасы кепкен ауыл тұрғындары атқарушы билікке шағымын ұлттық арна арқылы жеткізді.

Рызкен Қағазбаева, Сарыбел ауылының тұрғыны:

Ақпан айынан бастап маусым айына дейін бір ғана насос істеді. Оның қуаты жетпейді. Сондықтан люкті ұлдарға аштыртып алам. Қыстай мына маңайдың бәрі мұз. Шелектерімді алып тізерлеп отырып, осыдан мал да суарам. Осыдан сүзіп су да ішем. Мына шұңқырдан шыққан судың сапасы өздеріңізге де белгілі болып тұр ғой.

Тұрғындардың айтуынша әсіресе биыл жаздағы аптап ыстықта бүкіл ауылдың аңқасы кепкен. Жалпы 22 құдық болса оның үшеуінен ғана су шығады. Қазір ол құдықтарда су бірде бар, бірде жоқ.

Нұржан Қимәдиев, Сарыбел ауылының тұрғыны:

Мынаны сағатымен беріледі. Күндіз беріледі. Кешке өшіріледі. Түн бетінде өртеніп жатсаң да еш жерден су ала алмайсың. Қыс болса, көшенің бәріне су шығып кетеді. Мұз болады.

Мұз қатқандықтан құбыр да шыдас бермейді. Сондықтан судың көбі далаға кетіп жатыр. Ал ауылдағы жағдайы жақсы отбасылар ауласынан құдық қазып алған.

Нәбидолла Жетенов, Сарыбел ауылының тұрғыны:

Он төрт метрден су шығып тұр. 24 метрге дейін тереңдігін апарғам. Осы ауылда халықтың бәрі келіп су алады. 02.48.32-Машина шақырып бұрғылау стансыны шақыру үшін олар қымбат 1 миллионға дейін бір құдықтың бағасы.

Орталық су сорғы насосқа энергия беретін кабинаға көктемде жауын тиіп датчик істен шыққан. Салдарынан бүкіл ауыл шөліркеп сусыз отыр.

Нұрлан Махамбетов, Самар ауданының әкімі:

Мәселені мен білемін. Тапсырма бердім. Енді 2-3 күнде су болады. Құбырларды ауыстыруға қазір жоба жасап жатырмыз.  2024 жылы жөндеу жасаймыз.

Сарыбел ауылындағы жалпы 18 шақырым болатын орталық су құбыры 1972 жылы тартылған. Биыл тек бір шақырымы жаңаланды. Ел елу жыл болған орталық су жүйесіне тағы қанша жыл қарап отыратынын ешкім айта алмайды.



Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу