Құмар ойынға тәуелділіктен қалай арылуға болады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құмар ойынға тәуелділіктен қалай арылуға болады?

17.09.2023

Лудомания. Соңғы кезде жиі естіп жүрген сөз. Құмар ойынға деген тәуелділік. Қазақстан қоғамында дендеп келе жатқан дерт деуге болады. Тіпті, мәселе жақында Президент төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланды. Мемлекет басшысы:

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мұны психикалық ауытқуға соқтыратын сырқаттар санатына қосқан. Ал, Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Қазақстанда шамамен 36 мың лудоман бар. Министрлік бұл статистиканы әлемдік жағдаймен салыстыра келтірген.

Жер шарындағы ересектердің 3 пайызы осы есепке алынған. Бірақ, оңалту орталығының мамандары ойыншылар одан да көп болуы мүмкін. Өйткені, көмек сұрайтындар күн санап артып жатыр, дейді.

Олжас Түгелбай, Оңалту орталығының ата-аналармен жұмыс маманы:

Бізге көбінесе ата-аналар қандай сұраныспен келеді. Олар ұялады ғой, баласы тіркеуге тұрса. Бізде анонимні.

Аманжан Әбдікәрімов, аддиктолог:

Қазір емделіп жатқан 67 пайыз осы лудоманияға, ойынқұмарлықпен келген.

Ал депутаттар есебінше, 350 мың адам құмар ойын құрығына іліккен. 

Ғалымжан Мұстафаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін ұйымдастыру басқармасының басшысы:

Букмекерлік кеңселерде 2 млн шамасында ойын аккаунттары бар, олардың ішінде 300 мыңдайы белсенді қолданушылар. 

Букмекерлік кеңселер мен құмар ойын ұйымдастыратын компаниялар табысы былтыр 6 есе өскен. Соңғы үш жылда қазақстандықтар бәс тігуге 1 трлн теңге жұмсаған деген дерек бар. Республикалық бюджеттің өзі биыл 21 трлн теңге деп бекітілгенін ескерсек, ойын бизнесіндегі қаржы айналымы қаншалықты көп екенін елестете беріңіз.

Сонымен, құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу үшін қайтпек керек? Лудоманияға шалдыққандарды емдеу неге қиын? Аманкелді Сейтхан зерттеп көрді...

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Лудомания. Ойынқұмарлық. Тәуелділік. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары HOMO LUDENS ұғымы пайда болды. Қазақшасы – «ойнайтын адам». Яғни, құмар ойынға деген патологиялық тәуелділік. Негізі, ойнау, ойнамау, ұту, ұтылу әр адамның өз еркі. Бірақ, соның салдарынан қолда барынан әп сәтте айырылып қалып жатқандар бар.

Емделіп жатқан «құмар ойыншы»:

Ата-анамның абыройына нұқсан келтіргім келмейді, сол үшін түрімді көрсеткім келмейді. 2022 жылы оқу бітірген болатынмын. Жұмысқа кіргем ресторанға. Администратор болып жұмыс жасап жүргем, бір аспаз жігіт маған осындай ойын бар деп қызықтырып көрсетеді ғой ұтып алған ақшасын. Аккаунт ашып алам да одан кейін өзім қойып бастайм ғой.

Басында 5-10 мың теңге еді, кейін 50-100 мың. Осылай ол 4-ақ айда қарызға батып кеткен.

Емделіп жатқан «құмар ойыншы»:

Ұтылғаным 7-8 млн-дай болады. Үйден алтын ұрлағам, анамның атынан 1 млн кредит алып үйден қашып кетем. Ақша керек болып ойнап кеткен жоқпын, таза қызығушылық.

Қызығу лудоманияның бастапқы сатысы. Кейін құнығу сипатына ауысады.

Данияр Жемантаев, психолог:

Мәселе ақшада емес. Бәс тігетіндерге ақшаның құны жоқ. 200 мың теңге 2 мың теңге сияқты. Оларға эмоция жетіспейді. Сөйтіп, эмоция алу үшін барын береді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Психологтардың сөзінше, адам көп бәс тіккен сайын ақ-қараны ажырата алмайтын күйге түседі. Барлығы бақылауда бұдан кез келген сәтте шыға аламын деп ойлайды. Өзін ешқашан құмар ойынның құрбанымын деп мойындамайды.

Емделіп жатқан «құмар ойыншы»:

Емделуге, қаралуға, ем алуға деген іштей ынта болған жоқ, тек ойнағым келді. Бұл жерге әкем, анам, ағам алып келген. Анамның үйді сатқан. Үйімді сатып емделіп жатырмын.

Бүкіл отбасын қарызға батырған бұл жігіт 20-да ғана. Яғни, құмар ойын құрбандарының көбі жастар.

Олжас Түгелбай, Оңалту орталығының ата-аналармен жұмыс маманы:

Мысалы, 1 орталықты алатын болсақ 27-28 жас. Тіпті 15-14 жастағыларды да кездестіргем.

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

700 мың бала мектептегі осы ойындармен таныс, олар ойнаған. Ютубтан кино көргіңіз келсе осылардың жарнамасы. Стадионға баратын болсаңыз осылардың жарнамасы. Менің 11 ұсынысым бар. Жарнаманы мүлде құрту.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Қазақстанда «Ойын бизнесі туралы заң» 2007 жылы қабылданған. Содан кейін елдегі барлық казинолар сол кездегі Қапшағай мен Бурабай қаласына көшіріле бастады. Бірақ, одан кейін ойын бизнесі дамып кетті. Қазір лудоман дегеніңіз тек казино жағалап, жасырынып жүретіндер емес.

Қазір құмар ойын әркімнің қолында. Телефон болса үйде отырып та, көлікте, көшеде жүріп те бәс тігу оңай. Қанша тігу де өз еркіңде.

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің ұсынып жатқанымыз. Зейнетақы қорына байланысты оның лимиті болады. Мысалы делік 10 мың теңге зейнетақы қорына түсетін болса, оның лимиті да 10-15 мың болады, болды одан кейін тоқталады. Қытайдан бастап, барлық Оңтүстік Корея, Великобритания елдерде дамыған елдерде бұл осындай.

Ғалымжан Мұстафаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін ұйымдастыру басқармасының басшысы:

Лудоманияның профилактикасын жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Ойын бизнесі, лоторея қызметі туралы заңнамасына сәйкес 64 түзетулер көздейтін 3 заң жобасы әзірленді.

Осы арқылы букмекерлердің жауапкершілігін күшейту көзделген. Негізі, соңғы 3 жылда 24 компанияның лицензиясы алынған. Бірақ, бәс тігетіндер азаяр емес. Ал, лудомандардың емі де қымбат.

Аманжан Әбдікәрімов, аддиктолог:

100 пайыз емделген адамның 15 пайызы қайтадан ойынға кіреді. Өйткені, адамдар неше түрі бар. 5 ай негізі аз боп қалады да.

Олжас Түгелбай, Оңалту орталығының ата-аналармен жұмыс маманы:

Америкада осы бағдарламамен толық курс ем алу 2 жыл. Ол жерде бағасы менің білетінімдей 20 мың доллар. Біздерде бір айға 350 мыңнан басталады. Америкада осы бағдарлама мемлекеттік деңгейде. Яғни, мемлекеттен қаржы бөлінеді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ойын бизнесін ұйымдастырушылар былтыр 109 млрд теңге салық төлеген. Ал, бір лудоманның еміне айына 350 мың қажет. Егер елде 350 мың бәс тігуші болса, оларға емге бір айда 120 млрд теңге кетеді. Сонда кім ұтты, кім ұтылды?

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Оларды жақтаушылардың көбі олар салық төлеп отыр дейді. 2023 жылы бұлардың айналымы 1 трлн теңгеге жетеді. Бірақ, бұл жерде көлеңке айналымда бар, ол да 1 трлнға жақын. Барлығын салыққа байлайтын болсақ, онда біздің құндылық қайда, бізге адам өмірінің бағасы жоқ па?

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Мамандар сөзінше, лудоманияға шалдыққандар ашуланғыш, көп сөйлеспейтін, қарыз сұрағыш келеді. Адамнан осы белгілерді байқасаңыз қол ұшын созу керек. Әйтпесе, соңы ұрлық, алаяқтықпен аяқталуы мүмкін. Мәселен, прокуратура дерегінше, былтыр 160 мыңдай қылмыс жасалса, оның 20 пайызы яғни, 30 мыңнан астамына құмар ойын себеп болған.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу