Сенаторлар киік мәселесін талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенаторлар киік мәселесін талқылады

16.09.2023

Сенаторлар Батыс Қазақстан облысына барып, киік мәселесін талқылады. Жоғары палатаның Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері мен экология, ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері бөкеннен зардап шеккен шаруалармен кездесті. Киіктен 1,3 млн гектар жерге зақым келіп, өңірдегі шаруалар 7,9 млрд теңге шығынға батқан. Экология министрлігінің өкілі жергілікті ғалымдар киік санын реттеудің биологиялық негіздемесін жасап тапсырғанын, соның негізінде Үкіметке ұсыныс әзірленіп жатқанын жеткізді. Ал Ауыл шаруашылығы министрі орынбасарының сөзінше, киіктен келген залалды есептеу әдістемесі әлі дайын емес.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Шығынға ұшыраған шаруаларға, егістігі жойылып кеткен, болмаса жайылымы тапталған, өтемақы төленуі керек деп ойлаймыз. Оны өз ұсыныстарымызға енгіземіз. Екіншіден, киіктің басын реттеудің өзі өте қиын. Сондықтан ғылыми тұрғыда оны да ойластыратын жағдайды қарастыру керек шығар.

Сенаторлар Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларға сай өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындары мен агро тәжірибелік ғылыми кешеннің жұмысымен танысты. Тауар өндірушілер мен ғалымдар депутаттарға өз ой-пікірі мен өзекті мәселелерін ортаға салды.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу