Әскери өмір сипатталатын отандық сериал көрерменге жол тартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери өмір сипатталатын отандық сериал көрерменге жол тартады

15.09.2023

Бүгін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Құрлық әскерлерінің әскери институтына барып, Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай түсіріліп жатқан телехиканың шығармашылық тобымен кездесті. Уақытша атауы "Әскери ант" деп аталатын туынды көрерменнің патриоттық сезімін оятатыны сөзсіз, дейді жоба жеткшілері.

Бұл сериалдың сюжетінде офицер болуды армандаған курсанттардың шынайы болмыс-бітімі көрсетіледі. Сондай-ақ, ең қасиетті парыз саналатын - Отан алдындағы борыштың өтелуі боямасыз баяндалады. Яғни, сарбаздан генерал шеніне дейінгі кезең көрсетіледі. Оқиға желісінде махаббат хикаялары да бар.

Дархан Сағындықов, актер:

Курсанттардың өмірі қалай екені және олардың тамақ ішкенінен бастап арғы жақтағы парашют жинап, секіргені, полигонға барғаны – барлығын көрсетеміз. Болашақ офицерлер қалай дайындалады, сол нәрсені біз де басымыздан кешіп жатырмыз.

Айым Талғат, актриса:

Енді оқуға түсейін деп жүрген болмаса әскери өмірді ойламаған, армандамаған жас қазақтың жігіттеріне әскери рух беретін, физикалық, психологиялық тұрғыда сын сағатта өзінің психологиялық төзімділігін үйрететін телехикая деп ойлаймын.

Иә, шығармашылық топ бұл сериал қоғамда, оның ішінде, әсіресе ер адамдар арасында сілкініс тудырады деген ойдамыз. 42 минуттық 20 сериядан тұратын фильмның түсірілімі толық Құрлық әскерлері әскери институтының қабырғасында өтеді.

Мұқағали Мырзамбетов, жобаның атқарушы продюсері:

Бұл жобада әрбір актердің өзінің линиясы бар. Тұйық, көңілді, тіпті соғыс көрген кейіпкер бар. Қазіргі уақытқа мүлдем сәйкес келмегенімен, қоғамның ережеріне сай болуға тырысады. Бір айтарым, бұл сериалда экшн және керемет сахналар бар.

Айта кетейік, сериал еліміздің Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр. Телехикаяның премьерасы келесі жылы "Қазақстан" ұлттық арнасынан көрсетілмек.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу