«Қазақ Моцарты» атанып кеткен белгілі композитор, пианист Рахат-Би Әбдісағин Алматының 300-ден астам дарынды оқушысын концертпен қуантты. Тыңдармандар кеште талантты музыканттың өнеріне куә болып қана қоймай, «Кванттық механика және Авангарттық музыка» деп аталған ерекше дәріске қатысты.
Белгілі композитор, пианист, өнертану ғылымдарының магистрі, халықаралық және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ең дарынды өнерпазға» кубогының иегері. Осы атақтың бәрі Рахат-Би Әбдісағитке тиесілі. Он саусағынан өнер тамған жігіт мектеп оқушыларына өнерін паш етіп, тәжірибесімен бөлісті.
Жасмин Досжанқызы, оқушы:
Оның музыкаға ғылым ретінде қарайтыны мені таң қалдырды. Себебі, ол маған ұмытылмайтын сезім сыйлады. Сол үшін біздің алғысымыз шексіз.
Алматыдағы Инновациялық шығармашылық орталығында өткен концерттің «Кванттық механика және Авангарттық музыка» деп аталуы бекер емес. Пианист музыка мен ғылымды ұштастырып, тыңдармандарға арадағы байланысты көрсеткісі келді. Ол кеште өзінің және Моцарт, Шопен, Скраябин сынды танымал композиторлардың туындыларын орындады.
Рахат-Би Әбдісағин, композитор, пианист:
Кванттық механика – қазіргі физикадағы ең фундаменталды теория. Ал авангардтық музыка – ол классикалық музыканың дамуы. Жоғары өнер, музыка саласындағы ең дамыған шеті. Мен осы тақырыпта бірнеше шетелдік ғылыми орталықтарда дәріс бердім. Оның ішінде Оксфорд, Кембридж университеттері бар. Сондағы ұлы ғалымдармен байланыстамын.
Концертте Рахат-би ғылым мен классикалық заманауи музыканың арасындағы байланыстың кейбір аспектілеріне жіті тоқталды. Белгілі композитордың ендігі мақсаты – осы бағыттағы зерттеулерін одан әрі жалғастыру.