Қайсар әйел: Ақтаулық жалғызілікті әйел 20 жылдан бері көше сыпырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайсар әйел: Ақтаулық жалғызілікті әйел 20 жылдан бері көше сыпырады

15.09.2023

Коммуналдық мекемеде таң атқаннан кеш батқанға дейін бел жазбай еңбек ететін қарапайым жұмысшыларды біле бермейміз. Олар қала ұйықтап жатқанда еңбекке кіріседі. Солардың бірі ақтаулық Сұлухан Бадашова 20 жылдан бері көше сыпырады. Ісіне адал әйел ақмаржан қала Ақтаудың ең таза шахар болуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Сұлухан Бадашованың күнделікті тірлігі таңғы сағат 5-те басталады. Балаларын мектепке жіберіп, сағат 6-да жұмыста болады. Келе сала өзіне бекітілген аумақтың тазалығына кіріседі. Осылайша ол коммуналдық салада 2003 жылдан бері жұмыс істейді.

Сұлухан Бадашова, көше сыпырушы:

Қиын жұмыс, оңай емес. Таңнан күн батқанша жұмыс жасаймыз. Ыстық-суыққа қарамай, әйтеуір бала-шағаны асырау үшін еңбек етіп жүрміз. Ақтаудың таза болуы – өзіміздің еңбегіміздің тазалығы деп ойлаймын.

Сұлуханның жолдасы өмірден ерте озған. Жалғызбасты ана содан бері өмірдің түрлі қиындығына мойымай, отбасын өзі асырап отыр. Әріптестері оны қайсар әйел деп таниды.

Қамажай Раушанова, коммуналдық мекеменің қызметкері:

Жұмысын жақсы алып жүр. Балаларының жастығына қарамай жұмыстан қалмай істеп келеді. Қалада тұратын тұрғындарымыз үйінің айналасын таза сақтаса, бізге кішкене жеңілдік болар еді. Әрдайым біз солардың артынан жинап жүреміз.

Коммуналдық кәсіпорында 300-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Олар 20 бригадаға бөлініп, аптаның 6 күнінде шағын аудандарды қоқыстан тазартады. Сұлухан Бадашованың бригадасында 25 адам бар. Соның 19-ы – нәзік жандылар.


Хабарламаларға жазылу