Ұлттық арнада – жаңа маусым! Бүгін Астанада «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымдағы жобаларының таныстырылымы өтті. Шараға зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, депутаттар және телевизия ардагерлері, БАҚ жетекшілері мен журналистері қатысты.
Ұлттық арна ұлттық болмыс пен бояуды сақтап, қазақы құндылықтарды дәріптеу үшін ұлттық бағыттағы жобаларға басымдық берген.
Рейтинг деген қаңбақ бар. Ойдан-қырға секіріп, шамалыға жеткізбейді. Бірақ, кейінгі уақытта сол рейтинг сапаға саялаған. ТНС-тің таразысы былай дейді: Ұлттық арна жалпы аудиторияда екінші, қазақ тілді аудиорияда бірінші орында. Телехикая нарығында да рейтингті ноқталап тұрмыз. 10 үздік сериалдың 9-ы – біздің өнім.
Дүниенің дидары цифрланған заманда диджитал деген дода һәм сала бар. Біздің корпорация ол жақта да көш басында. Әлеуметтік медиада жазылушыларымыздың саны 10 млн-нан асты.
Ютуб желісіндегі телевизиялық өнімдердің қаралымы бір айда – 45 миллион. Әр санның артында артылған сенім бар.
Ләззат Танысбай, «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:
Бала көргенін істейді. Әсіресе, смартфонға байланған бүгінгі буынға сапалы контент керек. Сондықтан біздегі «Balapan» телеарнасы әр қазақ баласының жанарынан табылғысы келеді. Көрермен кішкентай болса да, бұл үлкен күрес. Себебі, бәсеке қуатты. Дегенмен, «Balapan»-ның қазір қанаты қатайған. Тіпті, Ресей, АҚШ, Латын Америкасы елдері «Balapan»-ның өнімдерін сатып ала бастады.
Индира Тұрсынбай, «Balapan» телеарнасының директоры:
Эфирдегі руханияттың реңін сақтап, шырақшысына айналған – ABAI арнасы. Тұтас эфирдің 95 пайызы отандық өніммен қамтылған.
Ал «Qazsport» арнасы 10 жыл бойы әлемнің әр түкпірінен 15 мыңнан аса тікелей трансляция жасаған. Бұл іс алдағы Азия ойындарында да жалғасады.
Сонымен жаңа маусымда «Алтын қақпа», «Інжу-Маржан», «Мергендер мекені», «Жыр – аманат», «Дала дәмі», «Ашық академия» сияқты жаңа жобалар эфирге шығады.
Корпорация биыл көрерменге 182 бөлімнен тұратын 11 жаңа телехикая, түрлі тақырыптағы 137 деректі фильм, 336 бөлімнен тұратын 14 анимациялық сериал ұсынады.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы таспалы тарихтың тағы бір жаңа бетін ашты. Әр маусым – жаңа белес! Қорыта айтқанда, ұжымның еңбегі елдің үдесінен шығып, кәдесіне жараса игі!