Ауыз су да, газ да жоқ: Түркістан облысының тұрғындары биліктен жағдайды реттеуді талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыз су да, газ да жоқ: Түркістан облысының тұрғындары биліктен жағдайды реттеуді талап етті

14.09.2023

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында жуырда ғана баспаналы болған 14 көпқабатты үйдің тұрғындары адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатырмыз дейді. Көпбалалы, мүгедек және мұқтаж отбасыларға берілген тұрғын үйлерде не газ жоқ, не ауыз су тұрақты берілмейді. Соңғы үш күннен бері тіршілік нәрінсіз қалған жұрттың төзімі таусылып, биліктен жағдайды реттеуді талап етті. 

Сарыағаш қаласының тұрғыны Ұлбосын Жақыпова су беріле салысымен барлық ыдыстарды толтырып әлек. Себебі үш күннен бері тіршілік нәрінсіз қалған отбасы сусыз әбден қорлық көрдік дейді.

Ұлбосын Жақыпова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

Күніге осылай су толтырып қоямыз. Толтырмасақ, жуына алмай қаламыз. Не дәретке отыра алмаймыз. Алты баласы бар, жеті баласы бар адамдар бар.
Мұндай қиындықты жаңадан тапсырылған 14 көпқабатты үйдің тұрғындары түгел көріп келеді. Жергілікті халықтың сөзінше су тәулігіне тек екі сағат беріледі. Кысымы төмен болған соң, жоғары қабаттарға жетпей қалады екен. Ал көгілдір отын атымен жоқ. Ыстық су ақпайды. Жарық та жиі сөніп қалады. Қоғамдық көлік уәде етілгенімен, бір күннен кейін келмей қойған. Жылдар бойы осы баспанаға әрең қол жеткізгендер жауаптылардың жауапсыз тірлігінен шаршадық деп отыр.

Есесіне коммуналдық төлемдерді өз уақтысында, артығымен жинап алады дейді. Мүгедек жандар мен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың шулап жатқанын естіген соң ғана коммуналдық салаға жауапты басшы қара көрсетті. Жауапты мекеме басшысы болса көпқабатты үйлердегі өзекті мәселелер жуық арада шешілмейді деп кесіп айтты. Өйткені бес жыл бойы бос тұрған бұл баспаналар жағдайы жасалмай жатып тапсырылған. Оны тұрғындарға ескерткенбіз деп ақталды.

Мұрат Байғабылов, Сарыағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Тек су емес, табиғи газ да жоқ. Таза ауыз сумен бізде осындай проблема бар екенін біледі. Одан бөлек, газ плиталарымыз ұрланған. Оны да біледі. Кәріз жүйесінде де проблема болатын. Су кестемен беріледі.
Тіршілік нәрін тұрақты беруге қаланың су қоры жеткіліксіз. Көгілдір отынның да ауылы алыс болып тұр. Құжаттар рәсімделмеген. Сарықынды су орталық құбырларға қосылмаған. Сондықтан сарыағаштық тұрғындарға бұл қиындықтарға әлі де төзе тұруға тура келіп тұр.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу