Шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері елге оралды

13.09.2023

Шахматтан әйелдер арасындағы тоғызыншы командалық әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы елге оралды. Астана халықаралық әуежайында оларды туыстары мен достары, спортты дамыту дирекциясы, Спорт және дене шынықтыру басқармасының қызметкерлері зор ықыласпен күтіп алды.

Бұл қыздар құрамасының әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. Шахматшыларымыз бұған дейінгі жарыстарда ширек финалдан аса алмаған. Польшадағы біріншіліктің жартылай финалында Францияны жеңіп, алтын жүлде үшін болған ойында Грузия шахматшыларына есе жіберді. Ел намысын Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова,Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева және Әсел Серікбай қорғады. Әлем чемпионаты қатысушыларының ішінде Қазақстан ең жас команда болды. Жаттықтырушылары шахматшылардан мұндай нәтиже күтпегенін айтады. Жасөспірімдер, жастар арасындағы әлем чемпиондарынан құралған құрама жылдам шахматта барын салған. Енді алдағы маңызды бәсеке Азия ойындарында бақ сынайды.

Алуа Нұрманова, шахматтан ұлттық құрама мүшесі:

Біз негізі үлкен тәжірибе алып, шеберлігімізді шыңдап қайтамыз деген ой болған. Десе де үздік нәтиже көрсету үшін тырысып бақтық. Грузиямен болған ойын қатты есте қалды. Өте тартысты ойын болды. Біздің күміс медаль ұтып алуымызға жасымыз ешқандай кедергі болған жоқ. 


Хабарламаларға жазылу